«Кітапқұмар Қазақстан» жобасын қолға алу ұсынылды
«Кітапқұмар Қазақстан» жобасын қолға алу ұсынылды
Мәдениет және спорт мәселесі жөніндегі қоғамдық кеңестің онлайн форматтағы отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Кітапқұмар Қазақстан» жобасы бойынша баяндама жасады.
Бақытжамал Қайырбекқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмалары негізінде Ұлттық кітапхана республика кітапханаларымен бірлесіп жасаған 2021-2024 жылдарға арналған «Кітапқұмар Қазақстан» жобасын жүзеге асыратынын жеткізді. Жоба ел руханиятын байыту мақсатында кітап оқуды барынша терең және белсенді дәріптеуге, рухани және интеллектуалды серпіліс құралы ретінде халықты кітап оқуға ынталандыруға бағытталған. Тұрақты кітап оқу тек білім алу мен даму үшін ғана емес, жеке адам, ұйым және мемлекет деңгейінде құзыретті шешімдерді қабылдау үшін қажет.
Сонымен қатар Бақытжамал Оспанова Қазақстанның кітапхана ісі саласын қайта құру жөнінде ұсыныстарын айтты.
Ақтоты Райымқұлова баяндамадан соң бірінші ұсыныс бойынша мәдениет ұйымдары арқылы мектеп оқушыларына қосымша білім беру жүйесін әзірлеп, осы бағытты белсенді жұмыс істеуді тапсырды. Министр Ұлттық кітапхана директорының екінші ұсынысына қатысты, яғни мобильді кітапхана кешенін (библиобусты) енгізу тұжырымдамасын қабылдау мәселесін пысықтау қажетін айтты.
Ал халықаралық тәжірибеге сәйкес кітапханашылардың мәртебесін айқындау мақсатында 22 қазанды – Кітапханашылар күні ретінде бекіту бойынша тиісті жұмыс жүргізуді Министрліктің салалық департаментіне тапсырды.
baq.kz