Құлаған автобус әлі табылған жоқ: «Майқайыңалтын» жұмысын тоқтата тұрады
Алтын өндіру кәсіпорны жұмысын қайта бастауы үшін төтенше жағдайлар министрлігінің бірнеше талабын орындауға тиіс
Бір жарым ай бұрын төрт адам мінген автобус құлаған «Майқайыңалтын» кеніші жұмысын тоқтата тұруға міндеттелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі кәсіпорын қызметі қашан және қандай жағдайда жанданатынын түсіндірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Таяуда «Майқайыңалтын» фабрикасы 4 қаңтарда болған төтенше жағдайдан кейін жұмысын уақытша тоқтатыны белгілі болды. ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың айтуынша, кәсіпорында шикізат таусылған.
Оның айтуынша, кәсіпорын қызметін қайта бастау үшін апаттан кейін пайда болған үйіндінің қауіп-қатерін бағалау үшін ғылыми сараптама жүргізуі шарт. Бұдан бөлек, кеніштің төбесі опырылып құлаған жағдайда жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бөгет санын анықтап, оларды орнату қажет. Танабаев осы талаптардың барлығын бекітілген мерзімді аяқтау өте маңызды екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» шахтасы аумағында құтқарушылар мінген автобус жер астына түсіп кетті. Апат кезінде көлік салонында бір жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Іздеу-құтқару жұмыстары барысында екі құтқарушының мәйіті жер бетіне шығарылды. Қалған екі адам және автобус әлі табылған жоқ. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр.