Маңғыстаулық ер адам әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді
Күдікті ретінде марқұмның жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Маңғыстау облысына қарасты Қызылсай ауылында ер адам жұбайын өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қайғылы оқиға туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Жазбада 29 қаңтар күні кешке 43 жастағы ер адамның әйеліне суық қарумен шабуыл жасағаны айтылған. Ерлі-зайыптының жеті баласы бар екені де көрсетілген. Автор мұндай қылмыстардың назардан тыс қалмауы және ешқандай жағдайда ақталмауы керектігін атап өтті.
Аталған жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық Полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 29 қаңтарда Жаңаөзен қаласында пышақ жарақатынан 44 жастағы әйел көз жұмған. Күдікті ретінде марқұмның жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полицияның хабарлауынша, жанжал отбасылық-тұрмыстық негізде туындаған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.