Елімізде

Мына мамандық иелері енді мектепке конкурссыз қабылданады

Үкімет бұл мәселені пысықтап жатыр.

Жаңа оқу жылынан бастап елдегі тоғыз колледжде "педагог-ассистент" мамандығы бойынша оқуға қабылдау басталады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Олжас Бектеновтің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламалары тізіліміне педагог-ассистенттерді даярлау бойынша 9 колледждегі 18 бағдарлама енгізілген. Оның ішінде 2 колледж лицензия алған: Д.Бабатайұлы атындағы Семей жоғары колледжі және Астанадағы М.Жұмабаев атындағы халықаралық колледж. 

Қалған 7 колледж бойынша лицензиялау рәсімі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж, Маңғыстау облысындағы Бейнеу гуманитарлық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі, Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж, Ақмола облысындағы Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі және Алматыдағы "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы.