Олжас Бектенов бизнесмендерді туған ауылына көмектесуге шақырды
Премьер-министрдің пікірінше, кәсіпкерлер ауылдардың инфрақұрылымын дамытуда мемлекетке көмектесе алады
Жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алады. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, қазір әкімдерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Бірақ, Бектенов мәлім еткендей, қазір ауылдарда апатты жағдайда тұрған мектеп те көп, ауруханасы жоқ ауылдар да баршылық.
Осы ретте Бектенов Қазақстанның ауылдарын дамытуға мемлекет қана емес, сол ауылдан шыққан кәсіпкерлер де үлес қосуы керек деп санайтынын айтты.
Осы айтылғандарды ескере келе ол әкімдер мен Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Жалпы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігіне берілетін тапсырмалар мынадай:
Бірінші. Өңір әкімдіктерімен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсілді қолдану керек.
Өңірлік стандарттар жүйесін негізгі бағдарламалық құжаттармен өзара үйлестіруді қамтамасыз ету қажет.
Бұл орайда, жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктер мен қызметтердің қолжетімді болуын назарда ұстау керек. Әйтпесе, кейбір ауылдарда 2 медпункт бар, ал кей жерлерде бірде-біреуі жоспарланбаған. Басқа объектілерге қатысты жағдай да осындай. Мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды.
Екінші. Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы бюджет заңнамасын жетілдіру шеңберінде ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау қажет.
Үшінші. Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек. Облыс әкімдіктері Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы үйлестіру құзыреттері бойынша Роман Васильевичке және Нұрлан Серікұлына жүктеледі», - деді сөзін қорытындылаған премьер-министр.