Қонаев қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды
Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
11–12 желтоқсан күндері Қонаев қаласында секундына 25 метрге дейін жеткен қатты жел соғып, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Табиғи құбылыс салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары зақымданып, инженерлік желілер істен шықты.
Ресми мәліметке сәйкес, қала аумағында 31 апаттық жағдай анықталған. Бірқатар үйлерде электр жарығы өшіп, шатырлар ұшқан, ағаштар құлаған және көше жарығының бағаналары зақымданған.
Қазіргі уақытта бүлінген нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар төтенше жағдай резервінен бөлінген қаражат есебінен атқарылмақ.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес («Азаматтық қорғау туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы»), Қонаев қаласының әкімі табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл режим 17 желтоқсаннан бастап ресми түрде күшіне енді.
Айта кетейік, 11 желтоқсаннан бері қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Қонаев қаласындағы жағдай тұрақты: электр энергиясы, ауыз су және жылумен қамту жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде.