Елімізде

Қостанайда заңсыз су алған кәсіпорынға 1,6 млн теңге айыппұл салынды

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Судың «қара нарығына» қарсы іс-шаралар аясында Тобыл-Торғай бассейн инспекциясының мамандары арнайы су пайдалану рұқсаттарына талдау жасады. Нәтижесінде жаңа Су кодексінің 53-бабында көрсетілген қадағалау өкілеттігіне сәйкес жүргізілген тексеріс барысында Қостанай облысы Рудный қаласындағы бір кәсіпорынның ұңғымадан арнайы рұқсатсыз су алып келгені анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кәсіпорынға заң бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 141-бабының 2-бөлімі, яғни «Суға мемлекеттік меншік құқығын бұзу» бабы бойынша 1 671 100 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл - Тобыл–Торғай бассейн инспекциясы жыл басынан бері салған ең ірі айыппұл.

2025 жылы инспекция Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 141-бабын бұзған бес дерек тіркеді. Осы бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 2 339 540 теңге айыппұл салынды. Барлық заңбұзушыға арнайы су пайдалану рұқсатын алу жөнінде нұсқама беріліп, тиісті ұсыныстар жасалды.