Премьер-министр Оңтүстік өңірлерді сумен қамту жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов су қоймаларының жай-күйімен, гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен және еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Премьер-министр «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіш нысанын барып көрді.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі биылғы вегетация маусымында жауын-шашын тапшы болып тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климат орталығының болжамдарында гидрологиялық құрғақшылықтың ықтималдығы жоғары. Бұл ауыл шаруашылығына қатер тудырып отыр, әсіресе Сырдария өзені бассейні бойында құрғақ ауа райы ұзақ уақыт сақталар болса, кейбір жерлерде егін қурап кетуі мүмкін.
Су беруді оңтайландыру жөніндегі ішкі шаралармен қатар, Үкімет Сырдария өзенінің жоғары жағында орналасқан көршілес мемлекеттермен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында келіссөздер жүргізуде. Қол жеткізілген келісімдер суды уақтылы алуға мүмкіндік береді.
Шардара су қоймасының жұмысымен танысу кезінде Премьер-министрге нысанның жағдайы мен оңтүстік өңірлердегі суару жұмыстары туралы баяндалды. Бұл – Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен, сондай-ақ Шардара қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін негізгі су нысаны.
Олжас Бектенов суды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету үшін қадағалауды күшейту қажеттігін айтты.
Осы тұрғыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа көршілес елдермен су беру режимдерін келісу және туындаған мәселелерге жедел ден қою, соның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіру тапсырылды.
«Көксарай» су реттегіш нысанын тексеру қорытындысында Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне контрреттегіштің толық қуатында жұмыс істеуін қалпына келтіру мақсатында реконструкциялау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл өзен ағынын қажетіне қарай реттеу және оңтүстік өңірлердегі шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қажет.
Олжас Бектенов трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемінің азаюына байланысты Үкімет ішкі су қорын дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі су шаруашылығы жобаларын уақтылы қаржыландыруды және жүзеге асыруды тапсырды.