Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады – Аида Балаева
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкіметтің 2025 жылғы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, қазіргі заманда көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан көптеген елдер өз көші-қон саясатын қайта қарап жатыр. Қазақстан да бұл бағытта нақты қадамдар жасап, көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып келеді. Ол ашық әрі айқын болып, ең бастысы мемлекет пен азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс.
2025 жылғы желтоқсанда Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжатта экономиканың қажеттілігі, азаматтардың мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қарастырылған.
Бұл ретте басты назар «Заң және Тәртіп» қағидатының сақталуына салынатын болады.
2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді.
Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар.
Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Сонымен қатар балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда өңірді өз қалауыңызша таңдай аласыз.
Министрдің айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.