Шымкенттен қыз алып қашқан жаңаөзендік жігіт 4 жылға сотталды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қыз алып қашқан жігітке үкім шығарды. Сот үкімімен Жаңаөзен қаласының тұрғынын 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды , деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жігіт қызбен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Содан Жаңаөзен қаласынан келіп, үйлену мақсатында қызды алып қашқан.
«ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, жаза шартты деп белгіленді. Жаза тағайындау кезінде сот ауырлататын мән-жайлардың болмауын, жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оның кінәсін толық мойындауын, жеке басын, бұрын сотты болмағанын және жәбірленушінің сотталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған пікірін ескерді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ақпаратында.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашу мәселесіне тоқталған.
«Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек», - деген болатын Тоқаев.