Су шаруашылығы саласында қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Су саласындағы қазақстандық мамандар қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында венгриялық жоғары оқу орнының дипломын ала алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті су саласында еңбек етіп жүрген мамандарға арналған қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты.
Қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген мамандар магистратура мен докторантураға оқуға түсе алады. Магистратура бағдарламасы бойынша оқу оларға екінші жоғары білім туралы құжат ретінде Венгрияның Обуда университеті немесе Корвинус университетінің дипломын алуға мүмкіндік береді.
Докторантура бағдарламасы «индустриялық PhD» бағытында мамандар даярлайды. Су саласы қызметкерлерін оқыту 2025-2026 оқу жылында басталады.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Тараз қаласында ашылғанын еске сала кетейік. Қазіргі уақытта оқу орнында 400-ден астам студент білім алып жатыр.