Елімізде

Түркістанда биыл екі жаңа су қоймасының құрылысы аяқталады

Нысан вегетацияаралық кезеңде суды жинап, ал вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

«Бәйдібек ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендері тоғысатын жерде, 860 гектар аумақта салынып жатыр. Су қоймасының көлемі – 68 млн текше метр. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 км, биіктігі – 26 м.

Нысан вегетацияаралық кезеңде суды жинап, ал вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба бойынша жұмыстардың 80%-ы орындалды.

«Бәйдібек ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су жіберуді реттеу үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 км болатын бұл нысан секундына 12 текше метр су өткізе алады, сондай-ақ 2,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.

Көлемі 1,2 млн текше метр болатын «Қарақуыc» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында салынып жатыр. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екі су қоймасындағы құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады.