Елімізде

Тағы да қар жауа ма? Синоптиктер кей өңірлерде ақ ұлпаның түсуі мүмкін екенін ескертті

Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді

Қазақстан аумағының басым бөлігі алдағы күндері солтүстік-батыс антициклонның ықпалында болады. Соның әсерінен республиканың көп өңірінде жауын-шашынсыз, ашық ауа райы күтілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Тек елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронтальді бөліктердің өтуімен жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болжанады. Кей өңірлерде жел күшейіп, тұман түседі. Шығыста көктайғақ орын алуы мүмкін, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады деп күтіледі.

"Ел бойынша желдің күшеюі, тұман, шығыста – көктайғақ, ал оңтүстік-батыста және оңтүстікте – шаңды дауыл күтіледі.

Солтүстік өңірлерде түнде температураның біртіндеп -3°…+5°С-қа дейін, күндіз +5…+15°С-қа дейін жоғарылауы күтіледі. Шығыста түнде -3…-13°С-қа дейін төмендеп, күндіз +3…+11°С жылылықтан -5…+5°С аралығында ауытқулар күтіледі. Республиканың оңтүстік-шығысында түнгі уақытта 1–3°С үсік сақталады. Қалған аумақтарда температурада аздаған ауытқулар болжанғанымен, айтарлықтай өзгерістер күтілмейді", - делінген хабарламада.