Тасжолда толғақ қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді
Атырауда жыл басынан бері 4 рет полицейлер жүкті әйелдерге көмектескен
Атырау-Ақтөбе тас жолының 590 шақырымында түнгі 01:00-ге жуық полицейлер толғақ қысқан әйелді перзентханаға жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құзырлы органның мәлімдеуінше, жүргізушілердің бірі патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне келіп автокөлікте жүкті әйелдің толғағы басталғанын және оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керектігін айтқан.
Райымбек Қабдиев пен Қанат Ақмырзаев жедел түрде автокөліктің кедергісіз жүруін қамтамасыз етті. Перзентханаға жеткізілген келіншек аман-есен ұл босанды. Жас ананың жақындары полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Айта кетейік, Атырау облысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жыл басынан бері толғағы қысқан 4 жүкті әйелді перзентханаға жеткізуге көмектескен.