Теміртауда есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкен иесі ұсталды
Қарағанды облысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы жүргізілген жедел іс-шара кезінде полицейлер ірі интернет-дүкеннің иесін қолға түсірді.
Полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қарасора" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Теміртау қаласының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол интернет арқылы есірткі таратты деген күдікке ілінген.
Жеке тінту кезінде одан екі iPhone телефоны, 200 мың теңге және шамамен 2 грамм ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту барысында жалпы салмағы 100 грамға жуық ақшыл сары түсті ұнтақ салынған 51 түйіншек анықталды.
Тергеу кезінде оның есірткі саудасымен айналысқан интернет-дүкеннің иесі екені анықталды. Ол шамамен төрт ай бойы заңсыз қызмет жүргізіп, төлемдерді криптовалюта арқылы қабылдап келген.
Сонымен қатар оның қала аумағында бірнеше есірткі жасырылған орындар ұйымдастырғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда полицейлер бұл іске қатысы бар басқа тұлғаларды анықтау бағытында тергеу әрекеттерін жалғастыруда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.