Елімізде

ТЖМ Қазақстанда қанша орман және дала өрті болғанын мәлімдеді

Қазір өрттің алдын алу және оны дер кезінде сөндіру үшін ТЖМ, полиция және орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған жылжымалы топтар жұмыс істеп жатыр

Қазақстанда өртке қауіпті кезең басталғалы бері ормандар мен далаларда қанша өрт шыққаны туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев айтып берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бүгінге дейін ел аумағында жалпы ауданы 27 мың гектарды қамтитын 261 орман өрті тіркелген. Далалық аумақтарда 16 өрт және 1357 жану оқиғасы орын алып, жалпы көлемі 14,5 мың гектар жерге таралған.

Қазір өрттің алдын алу және оны дер кезінде сөндіру үшін ТЖМ, полиция және орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған жылжымалы топтар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ орман алқаптарында су шашатын құрылғылармен жабдықталған тікұшақтар кезекшілікке шыққан. Өрт шыққан жағдайда 24 тікұшақ жұмылдыруға дайын. Ел бойынша 26 орман шаруашылығында 36 механикаландырылған бақылау бекеті қойылған.

Өрт қаупі бар кезең басталғалы 3397 азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 52,1 миллион теңгені құрады.