Елімізде

Қуандық Бишімбаевтың анасы адвокаттардың үстінен шағым түсірді

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп істі болып жатқан бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтің анасы Альмира Нұрлыбекова адвокаттар Джохар Өтебеков пен Анна Чернованың үстінен шағым түсірген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Бұл туралы қорғаушылар әлеуметтік желідегі парақшаларына жазған.

Анна Чернованың айтуынша, Альмира Нұрлыбекова адвокаттың үстінен шағымды республикалық адвокаттар алқасына түсірген.

– Менің үстімнен шағым келіп түсті. Ол арызда менің тағы екі заңгер әріптесім бар. Бұл жолы менің жазғаным Бишімбаевтың қорғау тарапына ұнамаған сияқты. Біз айтсақ, әділдігін айттық.  Процестің бәрін тікелей эфирден көріп отырмыз,  – деп жазды  Анна Чернова әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ кеше әлеуметтік желіде адвокат Джохар Өтебеков өз атына Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова шағым түсіргенін, арыз жазуға Бишімбаевтың адвокаттарының сұрақтарын сынға алғаны себеп болғанын жазған еді.