Заң мен тәртіп, Әділетті Қазақстан және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жаңа Конституцияның Преамбуласында айқын көрініс тапты
Алғашында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер ауқымының әлдеқайда кең екені белгілі болды.
Конституциялық комиссия жаңа қоғамдық келісімнің мазмұнын айқындайтын Ата Заңның жобасын жариялады. Айта кетерлігі, ұсынылған жобада Конституцияның Преамбуласы толықтай жаңартылған.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамы терең әрі ауқымды өзгерістерді бастан өткерді. Жаңа Преамбула бүгінгі заманның рухын, қоғамымыздың негізгі мақсаттары мен құндылықтарын, сондай-ақ ұлттық болмысымызды айқын бейнелейді. Жалпы алғанда, Преамбуланың жаңаруы Қазақстан дамуының келесі эволюциялық кезеңін білдіріп, қоғам ұстанатын басты қағидаттарды нақтылай түседі.
Бұл тұрғыда заң үстемдігі орнаған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалатын, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын Әділетті Қазақстан идеясын бекіту – қоғамның кемелденгенін, өз құндылықтарын терең түсінетін деңгейге жеткенін көрсетеді. Аталған қағидаттар Конституцияның барлық баптарында көрініс табады.
Бұл әмбебап құндылықтар бүгінгі күні де өзекті және болашақта да маңызын жоғалтпайды. Сондықтан оларды Конституцияда бекіту келешек ұрпақ үшін берік бағыт-бағдар болмақ.
Аталған өзгерістер соңғы алты ай бойы кеңінен талқыланып, ел азаматтарынан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Нәтижесінде комиссия мүшелері барлық маңызды ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, түзетулер Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа енгізілгенін анықтады. Бұл қолданыстағы Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын құрайды. Осыған байланысты Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу жөнінде бастама көтеріп, бұл ұсыныс қолдау тапты.