Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерге қатысты өз ұстанымын айтты
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердің қызметіне қатысты министрліктің ұстанымын жария етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның сөзінше, ведомство ең алдымен сапалы білім беретін әрі талапқа сай жұмыс істейтін білім беру ұйымдарын айқындауға басымдық бермек.
Министр бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, кейбір мектептерде оқушылар тіркелгенімен, нақты сабақ өтпеген жағдайлар анықталған. Сонымен бірге оқу бағдарламасы толық орындалмаған, әскери дайындық пен дене шынықтыру сияқты міндетті пәндер жүргізілмеген деректер бар. Бұдан бөлек, ғимараты білім беру талаптарына сай келмейтін нысандарда – қойма немесе өзге мақсаттағы орындарда – мектеп ашып, оны тиісті түрде заңдастырмаған фактілер кездескен. Мұғалімдердің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі де назардан тыс қалмайды. Осындай заңбұзушылықтарға жол берген жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
Сондай-ақ министр жекеменшік білім беру саласындағы өзгерістерді пайдаланып, делдал ұйымдар құруға немесе күмәнді қауымдастықтар ашуға ұмтылатындарға қатысты айтары бар екенін жеткізді.