Елімізде

Жаңа мелодрама заманауи жастың болмысын аша ма

Алматы – арман арқалап келген жастардың қаласы. Бірі мансап іздейді, бірі бақыт, бірі өз орнын.

Осындай тағдырлар тоғысқан шаһарды арқау еткен «Ғашықпын саған» фильмі – заманауи махаббаттың табиғатын таразылауға арналған туынды. Картинаны режиссер Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеуберген қолға алған. Фильм мелодрама жанрында түсірілген.

Сюжет бойынша, Еңлік – ауылдан Алматыға үлкен үмітпен келген жас қыз. Оның басты мақсаты – табысқа жетіп, ауылдағы анасы мен інісін қалаға көшіру. Әкесіз өскен ол оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, өмірдің қиындықтарына қарсы тұруға тырысады.

Қалада ол әнші болуды армандайтын Арман есімді жігітпен танысады. Кездейсоқ басталған қарым-қатынас Еңліктің өмірлік таңдауына әсер етеді. Ол үшін байлық пен отбасы жауапкершілігі маңызды ма, әлде жеке бақыт пен махаббат па – фильм осы сауал төңірегінде өрбиді.

Режиссер Думан Еркімбектің айтуынша, фильм идеясы бірнеше жыл бұрын туған.

«Бұл жобаның идеясы бізге жеті жыл бұрын келді. Қазір елімізде кино өндірісі қарқынды дамып жатыр. Дегенмен махаббат тақырыбындағы фильмдер сирек. Сондықтан осы бағытта жұмыс істегіміз келді. «Ғашықпын саған» – тек біздің жеке тарихымыз емес, Алматыда танысқан миллиондаған жастардың оқиғасы», – дейді ол.

Сондай-ақ режиссердің сөзінше, сценарий уақыт өте өзгеріп, тереңдей түскен.

«Бастапқы ой жеке өмірімізден туындады. Бірақ фильм нақты біздің өміріміздің көшірмесі емес. Уақыт өте өзіміз де есейдік, сценарий де өзгерді. Бұл – ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі», – деп атап өтті Думан Еркімбек.

Продюсер Жалын Тілеуберген фильмде қала бейнесіне ерекше мән берілгенін айтады.

«Алғашқы жұмыс атауы «Алматының біз білмейтін көшелері» болған. Өйткені картинада қаланың көпшілік назар аудара бермейтін көркем тұстары көрсетіледі. Алматы бұл фильмде жай ғана фон емес, жеке кейіпкер іспетті», – дейді продюсер.

Оның айтуынша, жоба мелодрама жанрында болғанымен, драма элементтері де басым.

«Соңғы жылдары қазақ киносында таза мелодрама азайып кетті. Біз осы жанрды қайта жаңғыртқымыз келді. Барлығымыз бірігіп, көрерменге эмоция сыйлайтын дүние жасауға тырыстық», – дейді Жалын Тілеуберген.

Басты рөлдерді Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген сомдайды. Олар бұған дейін Qaitadan фильмінде бірге ойнаған.

Шұғыла Ешен 2025 жылы SHEKER. Соңғы мүмкіндік фильмі үшін «Сыншылар таңдауы» сыйлығының «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымында жеңіске жеткен.

Қосалқы құрамда Әбілмансұр Серіков, Сағызбай Қарабалин, Аделина Ералиева және Ерболат Тоғызақов бар.

Фильмнің композиторлары – Олжас Дәлелхан мен Сұлтан Тұрсынбеков. Картинада заманауи орындаушылардың әндері шырқалады. Музыкалық сүйемелдеу кейіпкерлердің ішкі сезімін ашуға бағытталған.