Елімізде

Жалғас Әбеннің «Айшасы»: Ана жүрегінің үнін жеткізген туынды

The final spritzer

Соңғы жылдары қазақ киносы жаңа леппен дамып келеді. Шынайы өмірден алынған оқиғалар мен өзекті тақырыптарды қозғайтын тың туындылар көбейіп, режиссерлердің өзіндік қолтаңбасы айқындала түсуде. Елімізде өнерге шын ықыласпен келіп, өз жолын табуға ұмтылған жастардың да саны артуда.

Солардың бірі – кино саласында өз жолын қалыптастырып келе жатқан тараздық жас дарын Жалғас Әбен.

Жақында Jambylinfo.kz тілшісі Жалғаспен сұхбаттасып, оның шығармашылығы мен алғашқы толықметражды фильмі жайлы әңгімелескен еді.

Жалғас қазіргі сәтте АҚШ-та, анығын айтсақ, Калифорния штатының Лос-Анжелес қаласындағы «Нью-Йорк» фильм академиясында режиссура бағыты бойынша магистратуралық білім алып жатыр. Өнер жолын саналы түрде таңдағанын айтқан кейіпкеріміз «Мен өз өмірімді киноөнерінсіз елестете алмаймын» деп ағынан жарылды.

«Айша» – режиссер Жалғастың ең алғашқашқы әлеуметтік мәселелерлі көтерген қысқаметражды жұмысы. Автордың өзі айтқандай, картина шынайы оқиға негізінде түсірілген. Фильм әйел адамның өмір жолы, ана ретінде балалары үшін күресі, оның жан айқайы мен жүректегі жарасын шынайы бейнелейді.

Фильмде бір ананың тағдыры баяндалады. Тағдыр қанша сынаққа алса да өз болашағы үшін, балалары үшін бар қиындықпен күрескен қайсар әйелдің бейнесі көрерменге ұсынылады. Жоба авторы бұл кейіпкерді батыр ана, мықты әйел деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл тек көркем образ емес, өмірден алынған, шындықпен астасқан тағдыр.

«Айша» фильмінің сценарийі өткен жылы жазыла бастаған. Режиссердің өзі атап өткендей, бұл жоба бірнеше ай, тіпті жарты жылдан аса уақыт бойғы үздіксіз еңбектің, ұйқысыз түндердің нәтижесі. Ол бұл туындыны өзінің ең жақын, ең қымбат жобасы ретінде көреді. Сценарийді жазу барысында автор бұл фильммен бірге өмір сүргендей болған.

Қалай десек те, болашаққа не өткенге сапар шегетін кинолардағыдай кейіпкер айналасындағыларға көрінбесе де, өзі барлық оқиғаны көріп, сезініп тұрады. Режиссер да дәл сондай жағдайды бастан өткергенін жасырмады. Оның көз алдында Айша, оның күйеуі, балалары тұрғандай әсерде болған. Солармен бірге өмір сүріп, олардың әрбір қайғысын, қуанышын, көз жасын, күлкісін бар болмысымен сезінген.

Расында да әйел тағдыры – қазақ қоғамына ғана тән емес, әлемдік мәселе. Қоғам туылғаннан бастап әйелдерге түрлі стереотиптер мен стандарттарды таңып, олардан шыдауды талап етеді. «Сені ұрды ма? Сен шыдауың керек», «Кінә сенде» деген секілді әділетсіз пікірлер әлі де бар. Автор осы теріс түсініктерді өзгертуге ұмтылады. Әйелдің бақытты болуға, толыққанды өмір сүруге толық құқығы бар екенін жеткізгісі келеді.

Кинода басты рөлді Жалғастың өзі ойнаса, Айша бейнесін – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы Қымбат Жамаш сомдаған. «Қымбатты айрықша атап өтуім керек» деген фильм авторы талантты актрисаның киноның әр кадрында, әр дубльде ол өзіне тән ерекше рух пен тереңдік ұялата білгенін тілге тиек етті. Режиссердің айтуынша, Қымбат бірінші мотордан-ақ кейіпкерінің жан дүниесіне сүңгіп, оның барлық эмоциясын, жан айқайын шынайы жеткізе білген.

Актриса Қымбат Жамаш та бұл рөлге үлкен жауапкершілікпен келгенін айтады. Айша бейнесін сомдау – оның шығармашылық жолындағы ең ерекше әрі толғанысқа толы сәттердің бірі болған.

Бір айта кетерлігі, жас режиссердің бұған дейінгі туындыларының ішінде пленкалық камераға түсірілген жобалары да бар. Бірақ дәл осы қысқаметражды фильмді автор өзінің бірінші туындысы ретінде қабылдайды.

Алдағы қаңтар айында режиссердің тағы бір қысқа метражды жобасы жарыққа шығады. Бұл туынды да оның толықметражды фильмге апаратын жолы болмақ.