Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау үшін 12 шетелдік жоғары оқу орны тартылды
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді.
Цифрлық мемлекетке көшу жағдайында цифрландыру және ЖИ-ді енгізу үшін жоғары білікті кадрлар қажет.
Осы мәселені шешу үшін экономиканың трансформациясы кадрларды жедел даярлауды талап ететін салаларға әлемнің жетекші университеттері тартылып жатыр. Жалпы, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлауға 12 шетелдік жоғары оқу орны қатысады.
ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, Сеул техникалық университетімен бірлесіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында City University of Hong Kong филиалы жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар іске қосылды. Бұдан басқа да бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.