Елімізде

Жетісудың екі ауданында 300 шақырымнан астам суару желілері жаңартылуда

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жетісу облысының Ақсу ауданында суару желілерін реконструкциялау жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жоба аясында 37,8 шақырым канал жаңартылып, 170 гидротехникалық нысан салу көзделген. Нәтижесінде 11 548 гектар ауыл шаруашылығы алқабына су жеткізу жақсарады деп жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен сегіз каналда жүргізілуде: КРХ-1-1-1, «Ойтоған», «Қаратоған», «Алтынарық», «Сол жағалау», 1РХ, «Танеке» және ВРХ-1.

Көксу ауданында да суару жүйелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 15 537 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 266,4 шақырым канал қайта жөнделіп, 1 099 гидротехникалық нысан салу қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстар Р-1-1, «Жекмет», Р-3-4, «Ақшатоған», «Нұрабай», «Орта Арық», «Мәмбет» және «Бақытжан» каналдарында жүргізіліп жатыр.

Көксу ауданындағы жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда. Бірінші кезең бойынша жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған.