Елімізде

Жуалылық спортшы Премьер-министрдің алғыс хатымен марапатталды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді

Бүгін Үкімет үйінде өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 15–26 қараша аралығында Жапонияның Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Марапатталғандардың қатарында Жуалы ауданынан шыққан еркін күрес шебері, Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғасыр Тұрғынбай да бар. Ол көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Премьер-министр Олжас Бектеновтың Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді. 

Айта кетейік, 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ҚР Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-шы орынды иеленді.