Елімізде

Жыл басынан бері 4,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алған

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 132,7 мың этникалық қазақ оралды

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 351 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 132,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (51,1%) Қытайдан, 31,9% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан, 5,4%  – Моңғолиядан , 3,7% – Ресейден және 1,5% басқа елдерден келген.

Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,7%-ды және зейнеткерлер 9,2%-ды құрайды.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1381 қандас қоныс аударды.