Әлемде

«Ғаламда бізден басқа тіршілік бар»: Барак Обама өзге ғаламшарлықтар туралы пікір білдірді

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама өзге ғаламшарлықтар туралы айтқан сөзіне байланысты түсініктеме жасап, жерге бөтен тіршілік иелерінің келген болуының ықтималдығы «төмен» екенін мәлімдеді. Оның бұл пікірі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, түрлі талқылауларға себеп болған еді.

Обама америкалық подкаст жүргізушісі Брайан Тайлер Коэнге берген сұхбатында «Олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын» деп жауап берген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BBC News-ке сілтеме жасап.

Бұл сөз подкасттағы «жылдам сұрақтар» бөлімінде айтылған.

Алайда кейінірек Обама өзінің ресми Instagram парақшасында жазба жариялап, сөзін нақтылады. Оның айтуынша, ғаламның шексіз кеңдігін ескерсек, статистикалық тұрғыдан басқа жерде тіршілік болуы ықтимал. Бірақ жұлдыз жүйелерінің арақашықтығы өте алыс болғандықтан, Жерге өзгеғаламшарлықтар келген болуы екіталай.

Барак Обама 2009–2017 жылдары АҚШ президенті қызметін атқарды. Бұған дейін де ол белгісіз ұшатын нысандар (UFO) туралы пікір білдірген. 2021 жылы тележүргізуші Джеймс Корденге берген сұхбатында қызметке кіріскенде «біз бөтенғаламшарлықтардың үлгілері мен ғарыш кемелері сақталатын зертхана бар ма?» деп сұрағанын айтқан.

Сонымен бірге, сол кезеңде әлі түсіндірілмеген әуе нысандарына қатысты жазбалар мен бейнематериалдар бар екенін де атап өткен.

Обаманың соңғы мәлімдемесі өзге ғаламшарлықтар туралы қоғамдық қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, оның айтуынша, нақты дәлелдер әзірге жоқ.