Бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылады
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар дәстүрлі шеруге қатысып, өз мемлекеттерінің туларын алып шығады.
2026 жылғы Милан–Кортина қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-де бір мезетте Милан қаласы мен Ливиньо қар саябағында өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар дәстүрлі шеруге қатысып, өз мемлекеттерінің туларын алып шығады.
Қабылдаушы ел – Италия ашылу рәсімінде төрт ту ұстаушыны ұсынуды жоспарлап отыр. Спортшылар шеруі бір уақытта төрт түрлі локацияда ұйымдастырылады. Негізгі салтанатты кеш Миландағы аты аңызға айналған «Сан-Сиро» олимпиадалық стадионында өтсе, Предаццо, Ливиньо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында марапаттау рәсімдері мен спортшылардың шеруі қатар өткізіледі.
Қазақстандық көрермендер Олимпиаданың ашылу салтанатын Астана уақытымен сағат 23:50-ден бастап «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінен көре алады.
Салтанатты рәсімді ұйымдастыру «Balich Wonder Studio» студиясына жүктелген. Ұйымдастырушылар бұл халықаралық ауқымдағы шараны жаңа, заманауи әрі инклюзивті форматта өткізуді мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, Италия Олимпиада ойындарын өз тарихында төртінші рет қабылдайды. Бұл елдегі үшінші қысқы Олимпиада болмақ. Бұған дейін қысқы ойындар Кортина-д’Ампеццода (1956 жыл) және Туринде (2006 жыл) өткен.
Еске салсақ, Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиадасы 6–22 ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 90-нан астам елден шамамен 2 900–3 500 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыстар 16 спорт түрі бойынша өтіп, 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы бұл Олимпиадаға 36 спортшымен аттанады. Ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас.
Ең жас қатысушы – фристайл-акробатикада бақ сынайтын 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – 33 жастағы шорт-трекші Абзал Әжғалиев. Құрама сапындағы ең танымал атлет – фристайл-могулдан өнер көрсететін Юлия Галышева.