Әлемде

Bloomberg: Еуроодақ Қырғызстанға санкция салуды қарастыруда

Егер бұл шешім қабылданса, Қырғызстан санкция салынған алғашқы Орталық Азия мемлекеті атанбақ.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Қырғызстан Ресейге қарсы енгізілген халықаралық санкцияларды айналып өтуге жәрдемдесті деген күдікке ілініп, Еуропалық одақтың шектеулеріне ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Егер бұл шешім қабылданса, Қырғызстан санкция салынған алғашқы Орталық Азия мемлекеті атанбақ.

Аталған мәселе Украинадағы соғысқа байланысты әзірленіп жатқан ЕО-ның 20-шы санкциялар пакеті аясында қарастырылып жатыр. Соғыс басталғаннан кейін Еуропадан Қырғызстанға бағытталған экспорт көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, Эстониядан жеткізілген тауарлар 10 мың пайызға, ал Финляндиядан келген өнімдер 3 100 пайызға көбейген. Сарапшылар бұл тауарлардың түпкі мақсаты Ресей болуы мүмкін екенін алға тартады.

Еуроодақ Қырғызстанға станоктар мен радиоэлектрондық жабдықтар экспорттауға тыйым салу мүмкіндігін де талқылап жатыр.

Сонымен қатар, рубльге байланған A7A5 стейблкоины санкцияларды айналып өтудің қаржылық құралы ретінде қолданылып жатқаны айтылады. 2026 жылдың басына қарай осы криптовалюта арқылы жүргізілген қаржы айналымы 100 млрд долларға жеткен. Bloomberg дерегіне сәйкес, бұл жүйеге ресейлік «Промсвязьбанк» пен молдовалық кәсіпкер Илан Шор қатысы бар.

Жаңа санкциялар пакеті аясында Еуроодақ ресейлік банктерге, мұнай компанияларына және үшінші елдердегі қаржы ұйымдарына қысымды күшейтуді көздеп отыр. Сонымен бірге, Ресей мұнайын теңіз арқылы тасымалдауға толық тыйым салу және 1 ақпаннан бастап мұнай бағасының шегін барреліне 44,1 доллар деңгейінде белгілеу ұсынылған.