Бразилиялық ғалымдар жарқанаттардан коронавирустың жаңа түрін тапты
Жаңа вирус жәндікпен қоректенетін жарқанаттардан табылған
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Бразилия зерттеушілері жарқанаттардан табылған коронавирустың жаңа түрін анықтап, оған BRZ batCoV деген атау берген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мамандардың айтуынша, бұл вирустың генетикалық құрылымы COVID-19 (SARS-CoV-2) және Таяу Шығыс респираторлық синдромын (MERS) тудыратын вирустарға ұқсас.
Жаңа вирус жәндікпен қоректенетін жарқанаттардан табылған. Мұндай түрлер негізінен Латын Америкасында таралған. Ғалымдар сынамаларды Мараньян және Сан-Паулу штаттарынан жинаған.
Зерттеу нәтижесінде BRZ batCoV бета-коронавирус тобына жататыны анықталды. Бұл топқа SARS-CoV-2, MERS-CoV және SARS-CoV вирустары да кіреді.
Қазірше ғалымдар жаңа вирустың адамға жұғатыны туралы дәлел таппаған. Алайда зерттеушілердің айтуынша, BRZ batCoV-тың бір ерекшелігі бар: оның тікенек тәрізді ақуызының белгілі бір бөлігі адам мен жануар жасушаларындағы ферменттер арқылы ыдырап, вирустың ағзаға енуін жеңілдетуі мүмкін.