CNN: Техастағы тасқын 120 адамның өмірін қиды, 160 адам іздестірілуде
- авторБақытжан Бекболат
- 11 шілде, 2025
- 510
CNN мәліметінше, Техастағы жойқын су тасқыны салдарынан 120 адам қаза тауып, 160 адам бір аптадан бері із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ең көп адам шығыны Керр округінде тіркелген – мұнда 96 адамның өмірі қиылған. Ресми есеп бойынша, қаза тапқандардың 60-ы ересек, 36-сы – бала. Сонымен қатар, Mystic лагерінің бес тәрбиеленушісі мен бір тәрбиешісі әлі табылмады.
NASA бұл апатқа байланысты екі ұшақ жіберіп, жағдайды зерттеуге кіріскен. Бұлтты ауа райына байланысты спутниктік түсірілімдер нақтыланбағанымен, бірнеше мәрте әуеден шолу жасау арқылы нақты деректер жиналмақ.
Тұрғындар билік тарапынан қауіп туралы дер кезінде ескерту болмағанына наразы. Олар дабыл жүйесін орнатуды талап етіп, онлайн-петицияға қол жинап жатыр.
Су тасқыны 4 шілде күні таңсәріде басталған. Гваделупе өзені арнасынан асып, Керр округі мен маңайдағы аудандарды шайып өткен. Су деңгейі небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілген.






