Әлемде

«Кадзики» тайфуны Вьетнамға жақындап келеді: жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшірілуде

«Кадзики» — 2024 жылдың күзінде Вьетнамның орталық аймақтарына ауыр зардап әкелген «Яги» дауылынан бергі ең күшті тайфун болып отыр.

Вьетнамда күші зор «Кадзики» тайфунының жақындауына байланысты жағалаудағы аймақтардан 586 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Vietnam+ агенттігіне сілтеме жасап.

Дауыл бүгін, 25 тамыз күні, Астана уақытымен шамамен 14:00-де Тханьхоа мен Нгеан провинциялары аралығында құрлыққа шығуы күтілуде. Синоптиктердің болжамынша, тайфунның орталығына жақын маңдағы желдің екпіні сағатына 166–180 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Билік тасқын мен көшкін қаупі бар екенін ескертті. Әскерилер жоғары дайындық режиміне көшті, ал теңіз көлігі қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Екі әуежай жабылып, Vietnam Airlines пен Vietjet ондаған рейсті кейінге қалдырды. Дауыл соғатын өңірлерде мектеп сабақтары да тоқтатылды.

Көршілес Қытайдың Хайнань аралында ең жоғарғы – қызыл деңгейлі қауіптілік жарияланды. Санья қаласында туристік нысандар жабылып, қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылған. Кейбір аудандарда жауын-шашын мөлшері 320 мм-ге дейін жетуі ықтимал (1 мм – 1 шаршы метрге бір литр су дегенді білдіреді).

«Кадзики» — 2024 жылдың күзінде Вьетнамның орталық аймақтарына ауыр зардап әкелген «Яги» дауылынан бергі ең күшті тайфун болып отыр.