жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кибершабуыл мен супертайфун Еуропа мен Азия әуежайларының жұмысын тоқтатты

Кибершабуыл мен супертайфун Еуропа мен Азия әуежайларының жұмысын тоқтатты
Pixabay.com
Бұл соңғы айларда болған алғашқы ірі шабуыл емес: бұған дейін Jaguar Land Rover зауыттары уақытша тоқтап, ал Marks & Spencer жүздеген миллион фунт шығынға ұшыраған еді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, хакерлік шабуыл Еуропаның ең ірі әуежайларындағы жолаушыларды тіркеу жүйесін істен шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ақаулар 20 қыркүйек күні басталғанымен, әлі толық жойылған жоқ.

Ең көп зардап шеккен әуежайлар – Брюссель, Берлин және Лондондағы Хитроу. Жүйедегі ақау Collins Aerospace әзірлеген MUSE бағдарламасынан шыққан. Бұл компания америкалық RTX корпорациясына (бұрынғы Raytheon) тиесілі. Қазір RTX ақауды қалпына келтіріп, әуе компанияларымен бірлесе жұмыс істеуде.

21 қыркүйекте Брюссель әуежайында 257 рейстің 50-і тоқтатылды. Әуе компаниялары 22 қыркүйектегі ұшулардың жартысын қысқартуды сұрады, өйткені қауіпсіз нұсқа дайын емес. Берлинде жолаушыларды қолмен тіркеуге көшті – кезек ұзын болғанымен, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Хитроуда рейстердің басым бөлігі кестеге сай орындалып жатыр, бірақ тіркеу мен багажды алу уақыты ұзаруы мүмкін екені ескертілді.

Еуропалық реттеушілер тергеу бастады. Бұл соңғы айларда болған алғашқы ірі шабуыл емес: бұған дейін Jaguar Land Rover зауыттары уақытша тоқтап, ал Marks & Spencer жүздеген миллион фунт шығынға ұшыраған еді.

Қиындықтар Азияға да жетті. Гонконг халықаралық әуежайы "Рагаса" супертайфунына байланысты 36 сағатқа жабылмақ. Qantas әуе компаниясының мәліметінше, 23 қыркүйек сағат 20:00-ден 25 қыркүйек 08:00-ге дейін (Астана уақытымен 23 қыркүйек 16:00-ден 25 қыркүйек 05:00-ге дейін) барлық жолаушылар рейсі тоқтатылады. Синоптиктердің айтуынша, "Рагаса" соңғы жылдардағы ең қуатты тайфундардың бірі болуы мүмкін әрі желдің жылдамдығы бойынша рекорд орнатуы ықтимал. 22 қыркүйек күні таңертең тұрғындар азық-түлікті жаппай сатып алып, супермаркеттерде ұзын кезек пайда болды.

Сонымен бірге, Филиппинде 22 қыркүйекте супертайфунға байланысты мектептер мен мемлекеттік мекемелерде демалыс жарияланды. Шектеу Манила агломерациясы мен Лусон аралының солтүстігіндегі бірнеше провинцияға қатысты. Бұл аймақтарда қатты жел мен нөсер күтіледі. Жергілікті әуе компаниялары рейстерді тоқтатып, кейінге қалдыруда. Жолаушыларға ұшуы расталмаған жағдайда әуежайға бармауға кеңес берілді.

Ал Тайваньның орталық метеорологиялық бюросы құрлық пен теңізге дауылды ескерту жариялады. Құрлықтағы ескерту Хэнчунь түбегінде, Пиндун, Тайтун және Гаосюн уездерінде күшінде. Теңізде Тайвань бұғазының оңтүстігінде және Баси бұғазында кеме қатынасына шектеу қойылды. Бірнеше уезде мектептер мен мемлекеттік мекемелер жабылды. China Airlines пен EVA Air әуе компаниялары Тайвань ішіндегі бірқатар рейстің тоқтатылатынын немесе кейінге шегерілетінін хабарлап, жолаушыларға рейс мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес берді.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар