Әлемде

Мәскеу түбіндегі теракт: қазақстандық депутаттар премьер-министрге үндеу жасады

Мәскеу маңындағы Красногорск қаласында "Крокус Сити Холл" концерт залында болған лаңкестік әрекеттен қаза болғандар саны 139 адамға жетті

«Amanat» партиясы фракциясының депутаттары премьер-министрден Ресейдегі жантүршігерлік терактіден кейін елдегі халық ең көп баратын концерт залдарын тексеруді талап етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Парламент мәжілісінің депутаттары Мәскеу түбіндегі терактіден қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты. 


Осыған байланысты «аманаттықтар» премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, үкіметтің назарын бірқатар проблемаға аударды. Депутаттар мәдени-бұқаралық және спорттық нысандарды салу және оны қабылдау кезінде мемлекеттік бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Сондай-ақ бүкіл республика бойынша мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу және регламенттеу алгоритмдерін қайта қарау, ұйымдастырушылардың құқық қорғау органдарымен және шұғыл көмек қызметтерімен өзара іс-қимыл тетіктерін неғұрлым нақты белгілеу қажет деп санайды. 


Бұдан бөлек мәжіліс депутаттары үкіметтен халық ең көп баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға аудит жүргізіп, олардың терроризмге қарсы, өртке қарсы және өзге де қауіпсіздігін, қажетті сигналдық және өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етілуін тексеруді сұрады. 


Сондай-ақ, халық қалаулылары болашақта жаңа мәдени-спорттық нысандарды саларда отқа төзімді материалдарды пайдаланып, сейсмикалық және өртке қарсы қауіпсіздіктің барлық талабын ескеру қажет деп санайды.