Ұшақ отқа оранып, үміт күлге айналды: Үндістандағы апат жүздеген адамның өмірін жалмады

Associated Press-тің хабарлауынша, Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған кезде медицина колледжінің жатақханасында болған бес адам қаза тапқан. Тағы елуге жуық адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Бұл туралы Үндістан медициналық қауымдастықтары федерациясының вице-президенті Дивьянш Сингх мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұшақтың бір бөлігі Ахмадабад қаласындағы медицина колледжінің асханасының төбесіне құлаған. Оқиға кезінде ғимаратта студенттер болған. Қаза тапқандардың саны — бес. Жараланғандар ауруханаларға жеткізілген. Олардың кейбірінің жағдайы өте ауыр.
Оқиға орнында болған полиция өкілі кемінде 240 адамның көз жұмғанын растаған. Ал, жергілікті аурухана мамандары 186 мүрденің жеткізілгенін мәлімдеген.
Hindustan Times басылымының мәліметінше, оқиға орнынан ұшақтың қара жәшігі табылған.
Ішкі істер министрі Амит Шах нақты қайтыс болғандардың саны ДНҚ сараптамасынан кейін және туыстарының тануы негізінде жарияланатынын айтты. Министр жалғыз тірі қалған жолаушымен кездескенін де мәлімдеді.
Апаттан аман қалған жалғыз адам — Ұлыбритания азаматы Рамеш Вишвашкумар.
Air India әуе компаниясының ұшағы 12 маусым күні Ахмадабадтан Лондонға ұшып шыққан бойда апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 242 адам болған. Құлағаннан кейін алапат өрт басталды.