Әлемде

Танымал актер Ален Делон иттері көмілген аумаққа жерленеді

Өнер иесінің 50-ге жуық иті болған

Атақты француз актері Ален Делон апта ортасында Души жерінде жер қойнына тапсырылады. Өзінің өсиеті бойынша ол иттері жерленген зиратта ешқандай сән-салтанатсыз жерленеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  

BFMTV басылымының жазуынша, префектура жаназа рәсімін Делонның үйінің аумағында өткізуді мақұлдаған. Айта кетерлігі, өмірінің соңына дейін актер 50-ден аса ит асыраған.

Ален Делон өлмес бұрын қандайда бір саяси даңғаза, даурықпа думандарды қаламайтынын айтқан. Сондықтан жерлеу рәсімінде салтанат нышаны сезілмеуі керек.

Алайда ұйымдастырушылар бұл рәсімді кинематографқа құрмет білдіргісі келетін әріптестері, танымал жұлдыздардың қатысуымен өтуі үшін біршама мүмкіндіктерді қарастыруда.

Дей тұрғанмен, көпшіліктің көбірек жиналуы марқұмның отбасына аз шығын әкелмейтіні айдан анық. Тіпті жерлеу рәсіміне жиналғандар зират аумағына сыймауы да мүмкін.

Ален Делон Душидегі Домейн де ла Брюлери жайына 1971 жылдан Мирей Даркпен бірге иелік еткен. 1373 тұрғыны бар шағын Гатин ауылында актерды бәрі жақсы білетін. 2017 жылы мансабын аяқтаған ол 2023 жылдан бастап осы жерде тұрды.

Еске салайық, соңғы жылдары танымал актердің балалары мен бұрынғы жары арасындағы жанжал жиі айтылып жүрді.