сенбі, 23 қараша, 2024 0:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таулы Қарабақ. 30 жылдық текетірестің хроникасы

Таулы Қарабақ. 30 жылдық текетірестің хроникасы
ашық дереккөзі
Таулы Қарабақ. 30 жылдық текетірестің хроникасы

Өңірдегі қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, миллионнан аса тұрғын босып кеткен. Қақтығыс хронологиясы.

30 жыл бұрын армяндар мен әзербайжандар арасында Таулы Қарабақ өңірі үшін туған кикілжің ашық қақтығысқа ұласты. Бұл СССР аумағындағы бірінші этносаяси жанжалға айналды.

1987 жылы және 1988 жылдың басында Таулы Қарабақта өңір халқының басым бөлігін құрайтын армяндар арасында наразылық күшейді.

1987 жылы тамызда Таулы Қарабақ тұрғындары совет өкіметіне облыс мәртебесін қайта қарау туралы ұсыныс жіберді.

1987 жылы күзде өңірде Қарабақты Әзербайжан ССР-і құрамынан шығаруды талап еткен студенттер шеруі өтті. Ереванда өткен, басында экология тақырыбына арналған митингіде бірінші рет Таулы Қарабақ автономды облысын Армян ССР-і құрамына беру туралы талап айтылды. Жергілікті басылым өңірдің экономикалық тұрғыдан артты қалуы мен армян халқының қысымға ұшырауына Әзербайжан ССР-і билігін кінәлай бастады.

1988 жылы 20 ақпанда Таулы Қарабақ автономды облысының облыстық кеңес сессиясы СССР және Әзербайжан ССР-інің Жоғарғы кеңесінен облысты Арменияның құрамына қосуды сұрады.

21 ақпанда СССР Компартиясының Орталық комитеті шешім қабылдап, облыстық кеңес қаулысын «ұлттық элементтер» бастаған акция деп атады.

Саяси бюро "Бұл Әзербайжан және Армян ССР-індегі жұмысшылар мүддесіне қайшы келеді" деген мәлімдеме жасады. Бюроның қаулысы жағдайды реттеуге шақырған жалпы үндеумен шектелді.

Еревандағы демонстрация, 1988

Таулы Қарабақты Әзербайжаннан бөліп алу туралы үндеулер негізінен армяндар көп тұратын Степанакертте де айтыла бастады. Бұл облыс шекарасында орналасқан Шуша ауданы мен Агдам қаласындағы әзербайжандардың қарсылығын туғызды.

22 ақпанда бірінші рет қан төгілді. Аудан орталығы Аскеранға жақын маңда қарулы қақтығыс болды. Оған Агдам қаласында тұратын, «тәртіп орнату үшін» Степанакертке бет алған әзербайжандар, олардың жолын бөгеген милиция қызметкерлері мен жергілікті халық қатысты. Қақтығыстан екі әзербайжан азаматы мерт болды.

22-23 ақпанда Баку мен Әзербайжан ССР-інің басқа қалаларында СССР КП ОК саяси кеңесінің облыс мәртебесін қайта қарамау туралы шешімін қолдаған бірінші митингілер өтті.

Бакудегі наразылық, қараша 1988

27-29 ақпанда Бакуден 30 километр жердегі Сумгаитте армян бүлігі болды. СССР бас прокуратурасының дерегінше, бүлік кезінде 26 армян мен алты әзербайжан қаза тапқан. Бұл қақтығыстың шиеленісуіне жол ашқан маңызды оқиғалардың бірі болды.

Еревандағы наразылық, 1988

1988 жылы наурызда Михаил Горбачев республикалар арасындағы шекараны өзгертуге болмайтынын кесіп айтты. Мәскеу Таулы Қарабақ автономды облысына көмек беретінін мәлімдеді.

1988 жылы жазда Армян ССР-інің Жоғарғы кеңесі Таулы Қарабақ автономды облысын өз құрамына алуға келісіп, бұл туралы Әзербайжан ССР-інің ойын сұрады. Әзербайжан бұл мәселені шешу Армян ССР-інің емес, Әзербайжан ССР-інің құзырында екенін айтты.

Қақтығыстардың жиілеуінен әзербайжандар Таулы Қарабақ пен Армениядан қаша бастады.

Осы кезде Баку мен Әзербайжанның басқа қалалары мен ауылдарында тұратын армяндар да Армения мен СССР құрамындағы басқа республикаларға қоныс аудара бастады.

1989 жылы қаңтарда Мәскеу Таулы Қарабақты тікелей басқаруға көшті. Бұл осы жылдың қарашасына дейін жалғасты.

1989 жылы маусым-шілде айларында Бакуде жаппай демонстрациялар басталды. Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты «Әзербайжанның халық майданы» оппозициялық партиясының танымалдылығы арта бастады. Партия белсенділері елдің қазіргі билігі республиканың тұтастығын сақтап қала алмайды деп мәлімдеді.

1989 жылы тамызда Әзербайжан Армения және Таулы Қарабақпен теміржол байланысын тоқтатты.

1989 жылы желтоқсанда Арменияның Жоғарғы кеңесі Мәскеудің позициясына қарамастан, Таулы Қарабақты өз құрамына қосу бастамасын қолдады.

1990 жылы қаңтарда Таулы Қарабақта және Әзербайжан мен Армян ССР-лерінің шекаралас аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Осы жылы қаңтарда «Әзербайжанның халық майданы» оппозициялық партиясына билікті басып алуға жол бермеу үшін Бакуге одақтас республикалардың әскері кірді. Бұл әзербайжандарды біраз шығынға ұшыратты.

Баку, қаңтар 1990

Бакуде 130-дан астам азамат қаза тауып, 800 адам жараланды. Бұл оқиғалар Әзербайжан тарихында "Қара қаңтар" деген атаумен қалды.

Бакудегі жерлеу рәсімі, қаңтар 1990

Дәл осы кезде Бакуде қалған армяндар қуылды.

Армян босқындар Бакуден кетіп жатыр, қаңтар 1990

1991 жылы сәуірдің соңында СССР президентінің жарлығымен "Кольцо" деп аталатын операция басталды. Таулы Қарабақ автономды облысы мен өңірге шекаралас аудандарда жүрген бұл операцияға Әзербайжанның, СССР-дың ішкі әскері мен Совет әскери күштері қатысты.

Операцияның мақсаты – армяндардың «заңсыз қаруланған топтарын» қарусыздандырып, Қарабақта төлқұжат режимін тексеру. Бұл қарулы қақтығысқа себеп болып, бейбіт тұрғындар өліміне әкеліп соқты. Операция кезінде бірнеше армян ауылы депортацияланды.

Қыркүйекте Степанакертті 120 тәулік бойы атқылау басталды. Бүкіл Таулы Қарабақ өңірінде әскери қимылдар жүріп жатты.

Қыркүйекте Армения референдум өткізіп, СССР құрамынан шықты. Қазанда Әзербайжан да тәуелсіздік алды.

Осыдан кейін Әзербайжанның Жоғарғы кеңесі Таулы Қарабақты автономия мәртебесінен айырды. Референдумда өңірде қалған тұрғындардың басым бөлігі Әзербайжаннан бөлінуді қолдап дауыс берді.

1991 жылы 20 қарашада Таулы Қарабақ автономды облысының Мартунин ауданы Каракенд ауылынан үш километр жерде СССР ІІМ ішкі әскерінің Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Тікұшақ бортында 22 адам болған. Апат кезінде Әзербайжанның жоғары шенді шенеуніктері, журналистер, Ресей-Қазақстан бітімгершілік миссиясының мүшелері көз жұмды.

СССР тарап, одақтас республикалардың әскері шығарылғаннан кейін Таулы Қарабақта ашық соғыс басталды.

Әзербайжан жауынгерлері, 1992

1992 жылы ақпанда армян жауынгерлік бөлімдері Таулы Қарабақтағы әзербайжандар тұратын Ходжалы қаласына шабуыл жасады. Әзербайжанның дерегінше, шабуыл нәтижесінде жүздеген адам өлтірілген. Арменияның айтуынша, қаза тапқан адамдар саны белгісіз. Әзербайжанда бұл оқиға «Ходжалы қырғыны» деп аталады.

Шуша мен Агдамнан қашқан әзербайжандар, 1992

1992 жылы мамырда армян жауынгерлік бөлімдері Шуши қаласына (бұл – қаланың армян тіліндегі атауы/әзербайжан тілінде – Шуша) шабуыл жасап, Таулы Қарабақ пен Арменияны байланыстырған Лачин дәлізін бақылауға алды.

Әзербайжанның бұрынғы президенті Аяз Муталибов Ресейге қашуға мәжбүр болды. Әзербайжанда "Халық майданы" билікке келді.

1992 жылы маусымда Әзербайжан Қарабақтың шығысындағы Мартакерт пен облысқа көршілес Шаумяновск ауданынан шабуыл бастады. Нәтижесінде шамамен 40 мың армян қашуға мәжбүр болды.

1993 жылы Таулы Қарабақтағы кең көлемді соғыс нәтижесінде өңірдегі тұрақты армян әскері Әзербайжанның жеті ауданын толықтай және жартылай бақылауға алды. Осыдан кейін әскери қимылдар Әзербайжанның ішкі аудандарына және Армения–Әзербайжан шекарасына ауысты.

1994 жылға дейін армян әскері Әзербайжан территориясының 20 пайызын бақылауға алды. Армян әскерінің иелігіндегі жерлерге Таулы Қарабақтан бөлек, Лачин, Кельбаджар, Агдам, Физули, Джебраил, Губадлы, Зангелан қалалары кірді.

Шуша мен Агдамнан қашқан әзербайжандарға арнап салынған шатыр қалашық, 1992

1993 жылы БҰҰ Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындап, әскери қимылдарды тоқтатуға шақырған төрт қарар қабылдады. Таулы Қарабақтағы қақтығыс мәселесін шешу үшін «Минск тобы» құрылып, оған 11 мемлекеттің өкілі кірді. 1994 жылы Армения, Таулы Қарабақ пен Әзербайжан Бішкекте хаттамаға қол қойды. Осы хаттаманың негізінде атысты тоқтату туралы келісім жасалды.

Бірақ содан бері Минск тобы аясында жүргізілген келіссөздер мен дипломатиялық шаралар қақтығысқа біржола нүкте қоюға көмектескен жоқ.

1988-94 жылдары болған қарулы қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тапты. Миллионнан астам адам босқынға айналып, тұрғылықты жерін тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болған.

  azattyq.org
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар