Таулы Қарабақта тыныштық орнады
Таулы Қарабақта тыныштық орнады
Таулы Қарабақтағы соғыс тоқтады. Әзербайжан, Ресей, Армения Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде үшжақты келісімге келгенін хабарлады. Осылайша, 44 күнге созылған қақтығыстың нүктесі 10 қарашаға қараған түні қойылды.
Үшжақты келісімде мынадай мәселелер қамтылған. Біріншіден, 2020 жылғы 10 қарашада, Мәскеу уақыты бойынша 00:00-де атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Осы орайда, соғысып жатқан тараптар өздерінің иелігіндегі жерлерде қала бермек.
Құжаттың келесі бағыты Арменияның басып алған аумағын Әзербайжанға қайтару мәселесіне арналды. Мәселен, 20 қарашаға дейін Ағдам ауданы Бакудің қарамағына беріледі.
Армения әскері 15 қарашаға дейін Кельбаджар ауданынан кетуі тиіс. Ал 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын босатуы қажет. Алайда осы Лачин дәлізін бақылау Ресейдің бітімгерлік күштерінің қарамағына беріліп, Таулы Қарабақ пен Армения арасын жалғайтын болады. Алайда бұл бағыт бұрынғыдай Шуша қаласы арқылы өтпейді. Алдағы үш жыл көлемінде жаңа бағыттың жоспары жасалмақ.
Екі тараптың шекарасы мен Лачин дәлізінде Ресейдің бітімгерлік күштері орналасып, бүкіл Армения әскері Әзербайжан жерінен шығарылады. Құжатқа сүйенсек, бітімгерлер саны 1960 сарбазды құрамақ. Сондай-ақ 90 бронетранспортер, 380 автокөлік пен арнайы техника әкелінеді.
Бітімгерлік күштер өңірде 5 жылға дейін тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етпек. Межелі мерзім аяқталған соң тараптар қарсылық танытпаса, оның уақыты тағы 5 жылға созылады. Осыған байланысты атысты тоқтатуды бақылау жөніндегі бітімгерлік орталық құрылады.
Бұдан бөлек, босқындар мен қақтығысқа байланысты қоныс аударғандар Таулы Қарабаққа оралады. Мұны бақылау БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары бақылауымен жүзеге асады. Армения мен Әзербайжан әскери тұтқындар, қолға түскендер мен қаза тапқандардың денесін алмасады.
Тағы бір айта кетерлігі, келісімге сәйкес Әзербайжанды Нахчиван ауданымен байланыстыратын жол ашылмақ. Бұл бағыт Арменияның оңтүстігі арқылы өтеді. Оны да бақылау Ресей шекара қызметінің құзыретіне беріледі.
Бейнеконференция режімінде өткен құжатқа қол қою рәсіміне Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жиын барысында Кремль басшысы Таулы Қарабақтағы атысты толықтай тоқтату жөнінде мәмілеге қол жеткізгенін хабарлады.
«9 қарашада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Николай Пашинян және Ресей президенті Қарабақ қақтығысы аймағындағы барлық әскери әрекетті 2020 жылғы 10 қарашада, Мәскеу уақыты бойынша 00:00-де толығымен тоқтату туралы мәлімдемеге қол қойды.
Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы өздерінің қарамағындағы территорияларда қалады. Таулы Қарабақтағы түйісу нүктелері мен Таулы Қарабақ пен Армения Республикасын байланыстыратын дәліз бойында Ресей Федерациясының бітімгерлік күштері орналастырылып жатыр», деді В.Путин.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы әскери қимылдың тоқтатылуына байланысты халыққа үндеу жасап, келісім туралы жан-жақты айтып берді. И.Әлиев құжатқа қол қоюды тарихи сәтке балады.
«Бұл құжатқа бейнеконференция түрінде қол қойылды. Бастапқыда оған үш елдің басшысы бейнеконференция түрінде қол қоюы керек еді. Бірақ соңғы сәтте Армения премьер-министрі одан бас тартты. Бір жағынан оны түсінуге де болады. Өйткені бұл Арменияның әскери капитуляциясын білдіреді», деді И.Әлиев.
Бұдан кейін Әзербайжан президенті мәселенің әскери шешімі болғанын, бірақ түйткілді саяси жолмен шешетін сәт келгенін жеткізді. Әзербайжан президенті аймаққа ресейлік бітімгерлерден бөлек, түркиялық бітімгерлер де келетінін мәлімдеді.
Баку мен Ереван қарсылық білдірмесе, ресейлік бітімгерлер Таулы Қарабақта бес жылға қалады. Кейін автоматты түрде бес жылға ұзартылады. Сондай-ақ тараптар әскери тұтқындар мен қайтыс болғандардың денесін бір-біріне қайтарады. Аймақтағы барлық экономикалық және көлік байланысы ашылады.
Баку Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім тарихи шешім және ұзақ жылдар бойы бейбітшілік орнатуға қол жеткізеді деп есептейді. «Қақтығысты әскери-саяси реттеу ұзақ жылдар бойы бейбітшілікке, аймақтағы келісімге және қарсылық пен қантөгіске нүкте қоятынына сенімдімін», деді И.Әлиев.
Армения премьер-министрі Н.Пашинян онлайн-конференцияға қатыспағанымен, Фейсбуктегі парақшасында тікелей эфирге шығып, өз шешімі туралы хабарлады.
«Мен Ресей және Әзербайжан президенттерімен Қарабақ соғысын сағат 01:00-де аяқтау туралы мәлімдемеге қол қойдым. Жарияланған мәлімдеменің мәтіні мен үшін және халқымыз үшін ауыр.
Мұндай шешімді әскери жағдайды талдап және бәрінен жақсы білетін адамдардың бағасына қарап қабылдадым. Сондай-ақ ол осы жағдайдағы ең дұрыс шешім деген сенімге негізделді», деді Н.Пашинян.
Мемлекеттер басшыларының мұндай мәлімдемелерінен кейін Әзербайжанда жаппай тойлау басталды. Қуанышы қойнына сыймағандар Баку орталығына жиналып, жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттен бастап думандатуға кіріскен.
Ал Арменияда мәлімдеменің соңы шеруге ұласты. Наразылар Армения парламентінің ғимаратына басып кіріп, парламент ғимараты мен үкімет үйін қиратты. Мәжіліс залындағы мінберге шыққан армяндар Қарабақтағы әскери қимылды жалғастыруды талап еткен. Онымен қоймай, ереуілшілер парламент спикері Арарат Мирзоянды соққыға жықты. Мирзоянды көліктен күшпен шығарып, реніштерін айтқан. Спикерді әскерилер қорғаған. Никол Пашинян Ереванда бүлік жасаған барлық азамат жауапқа тартылатынын айтты.
Жалпы, Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжанның аумағы саналады. Бірақ Кеңес өкіметі ыдыраған тұста Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін қақтығысты. 1994 жылы Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. 1988-1994 жылдары болған соғыста 30 мыңдай адам қаза тауып, миллионға жуық әзербайжан босып кетті.
Содан бері Таулы Қарабақ этностық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы азаттығын жариялады. Алайда әлемнің бірде-бір мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындаған жоқ.
1995 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Армения мен Әзербайжан қақтығысын шешу үшін Минск тобын жасақтады. Бұл келісімге Франция, Ресей және АҚШ өкіл ретінде енді. Бірақ бұл келісім діттеген мақсатына жеткен жоқ.
БҰҰ Таулы Қарабақ аймағын ресми түрде Әзербайжан аумағы деп мойындап, екі елді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді. Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі даулы Қарабаққа қатысты 4 қарар қабылдап, Арменияның әскерін Әзербайжан аумағынан шығаруға тиіс деп көрсетті.
Бұған дейін Армения мен Әзербайжан тарапы бірнеше рет «түйісу сызығында» қақтығысқан-ды. Биылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта басталды. Қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар. Кейінгі соғыс басталғалы бері тараптар үш рет атысты гуманитарлық мақсатта тоқтату туралы келісім жасағанымен, келісімдер сақталған жоқ.