Трамп: «Соғысты тоқтату үшін Донбасты “бөлу” керек»
- авторБақытжан Бекболат
- 20 қазан, 2025
- 287
АҚШ президенті Дональд Трамп 19 қазанда Air Force One ұшағында журналистерге берген сұхбатында Донбасс аймағын «қазіргі күйінде қалдыру қажет» екенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Бәрі сол қалпында болсын. Қазір ол аймақ іс жүзінде бөлініп қалған. Менің білуімше, оның 78 пайызын Ресей бақылауда ұстап отыр. Бұл соғысты аяқтауға көмектеседі деп ойлаймын», – деді Трамп.
Сонымен қатар ол The Financial Times жариялаған ақпаратты жоққа шығарды. Басылым Трамп Зеленскиймен кездесуде Украинаға бүкіл Донбасты Ресейге беруді ұсынған, әйтпесе Путин «Украинаны талқандайды» деп айтқан-мыс деген мәлімет таратқан еді.
«Кейін олар өзара келісімге келе жатар. Бірақ дәл қазір екі тарап та майдан шебінде тоқтап, үйлеріне қайтып, соғыс қимылдарын доғарып, адамдардың өмірін қиюды тоқтатуы керек», – деді АҚШ президенті.
Вашингтонда өткен соңғы кездесуде Владимир Зеленский АҚШ-қа мыңдаған украин дронын беріп, оның есесіне Tomahawk қанатты зымырандарын сұраған. Алайда Трамп «Томагавктардың» өздеріне де қажет екенін айтқан.






