«Абай әлемі» байқауында жамбылдық 7 оқушы жеңіске жетті
«Абай әлемі» байқауында жамбылдық 7 оқушы жеңіске жетті
Биыл ұлы ақын және ойшыл, қазақ халқының арда ұлы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл. Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзентінің туған күніне орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, соның ішінде облыс, аудан аралығында өткізілетін ауқымды іс-шаралар басталып кетті. Соны бір парасы 8-11-сынып оқушылары арасында республикалық «Абай әлемі» атты шығармашылық онлайн-байқау.
Оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған байқауға біздің облыстан 12 оқушы қатысып, 7-еуі жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Байқау шарты бойынша қатысушылар алдымен Абайдың шығармашылығы туралы эссе жазып, келесі кезеңде арнау өлеңдерін оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» эссе жазу номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен Т.Рысқұлов ауданындағы Абай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Елнұр Нұрдосұлы, ІІІ дәрежелі дипломмен Жамбыл ауданындағы Б.Беспаев атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлзат Сауран, Меркі ауданындағы Иван Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Гүлім Уайс және Талас ауданындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің оқушысы 11-сынып Ерзат Сәрсенбек марапатталды.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» аталымы бойынша І дәрежелі дипломмен Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының 9-сынып оқушысы Сәбит Искаков, ІІ дәрежелі дипломмен Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Бармеш және ІІІ дәрежелі дипломмен Т.Рысқұлов ауданындағы Жамбыл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дәулет Тынышбек марапатталды.
Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу біздің еліміздің әлемде танылуына тың серпін беретініне сенімдімін. Абай есімі жаңа Қазақстанның мақтанышына айналуы керек, сондықтан оның шығармаларын біздің елден тыс жерлерде де кеңінен насихаттау қажет. Мен бұл байқауға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта да Абай атамыздың өлеңдерін жаттап, шығармашылығына терең үңіле беретін боламын, - дейді байқау жеңімпазы Сәбит Искаков.
Сонымен қатар, шығармашылық қабілетімен көзге түскен оқушылар Алғыс хатпен марапатталды.