жұма, 22 қараша, 2024 20:37

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«ARAI-ELITЕ» алғыр жастар дайындайды

«ARAI-ELITЕ» алғыр жастар дайындайды
ашық дереккөзі
«ARAI-ELITЕ» алғыр жастар дайындайды
Осыдан бірнеше ай бұрын Тараз қаласындағы білім беру мекемелерін аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Інжу» жекеменшік мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Мектеп-гимназияның тыныс-тіршілігімен танысқан Бердібек Машбекұлы сонда: «Осы күнге дейін түрлі қызметтерді атқара жүріп еліміздің түкпір-түкпіріндегі үш жүзден аса білім ошақтарында болдым. Бүгін «Інжу» мектебінің жай-күйін көзбен көріп, тәнті болып отырмын. «Інжу» – үш жүз мектептің ішіндегі ең озығы», деп ағынан жарылғаны есімізде.
Жеті жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған «Інжу» жекеменшік мектеп-гимназиясы бүгінде облысымыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының қатарында. Тек қана сапалы білім беруді мақсат еткен гимназияда қазіргі таңда 700 оқушы білім нәрімен сусындап келеді.
Негізгі айтар ойымызды тұмандандырып, алыстан орағытып отырған себебіз «Інжу» жекеменшік мектеп-гимназиясының құрылтайшысы «Абылай-Сана-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жаңа оқу жылында Тараздан тағы бір «ARAI-ELITЕ» атты жекеменшік мектеп-гимназиясын пайдалануға берді. Құрылысы өткен жылдың шілде айында басталған білім ошағы ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 1-6-сынып аралығында оқушыларды қабылдай бастаған.
Әрине «ARAI-ELITЕ» облысымыздағы немесе еліміздегі алғашқы жекеменшік мектеп-гимназия емес. Бүгінде Қазақстанның әр қаласында жүздеген жекеменшік мектеп шәкірт тәрбиелеумен айналасуда. Бірақ барлығы ақылы негізді. Ал «ARAI-ELITЕ»-тің өзге жекеменшік білім ошақтарынан ең басты ерекшелігі тегін білім беретінінде.
Өткен жұмада ашылғанына көп болмаса да ел аузында жүрген мектеп-гимназияға арнайы барып, шынымызды айтсақ тәрбиенің, ізеттілік пен үлгі-өнегенің отауына куә болдық. Білім ошағының ауласына енгеннен-ақ ерекше талғам мен талап, тәлім мен тәрбие әсері байқалады. Төрт қабатты мектептің іші кірсе шыққысыз. Жаңаның аты жаңа, барлық жерде тазалық пен ұқыптылық көзге ұрып тұр. Есіктен енгеннен-ақ мемлекеттік рәміздер мен мектеп-гимназияның нышандарын әдемі әдіптеп қойғанын көресіз. Осы секілді сырт көзге көрінетін көріністерімен-ақ педагогикалық тәлім-тәрбиенің шамшырағын жағып отырған оқу ордасының директоры Жанна Мәдімарованың ұстаздық һәм ұйымдастырушылық қабілетіне сүйсінбеске амалыңыз қалмайды.
– Ең алдымен еңселі ғимаратты салып, 1025 оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасап берген мектеп-гимназияның құрылтайшысы Арман Захарыпұлына облыс тұрғындары атынан үлкен алғыс айтқым келеді. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы да бірнеше мәрте гимназияға келіп, құрылтайшыға үлкен ризашылығын білдірді. Тіпті жергілікті кәсіпкерлерге мектепті көрсетіп, үлгі етуді, жұмысын насихаттау керектігін баса айтып өтті.
Жалпы ағымдағы маусым айында тест арқылы оқушыларды қабылдадық. Биыл тек бірінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейін ғана қабылдадық. Ал егер он бірінші сыныпқа дейін қабылдасақ, басқа білім ордасынан тәрбиеленіп келген оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары білім сапасын көрсете алмауы мүмкін. Ал алтыншы сыныптың оқушысын ҰБТ-ға дейінгі бес жылдың ішінде тәрбиелеп шығуға болады.
Қазіргі таңда мектепте 350 оқушы қашықтан білім алуда. Оқушылардың 35 пайызы «Інжу» мектебінде дәстүрлі әдіспен оқып жатыр. Мектеп-гимназия он төртінші желтоқсаннан бастап дәстүрлі білім беру жүйесіне көшеді. Сондай-ақ 56 мұғалім өз қызметін абыроймен атқаруда. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдарда олардың да біліктілігіне, санатына, тәжірибесіне ерекше мән берілді. Мұғалімдерге қойылатын басты талап – жауапкершілік. Жауапкершілік болса білім сапасын көтеруге болады, – дейді Жанна Мәдімарова.
Бұл білім ошағының материалдық-техникалық базасы әлемдік  заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спорттың кез келген түрімен айналысуына бар жағдай жасалған. Оқу сыныптары ең соңғы үлгідегі компьютерлермен және басқа да қажетті құралдармен қамтылған. Сонымен қатар әрбір сыныпта әр оқушыға арналған сөрелер қойылған. Онда оқушылар керек-жарағын қалдыра алады. Мектеп дәлізіне қойылған стендтер де көзге жылы ұшырайды.
– Білім саласында отыз жылға жуық тәжіри­бем бар. Осы жылдар ішінде көп нәрсені ойға түйдім. Бір ғана мысал, мектеп­терде стендтер көбіне тек сән үшін қойыла­ды. Он-жиырма жыл ауыспай тұра беруі мүмкін. Сондықтан мектептің ішін безендіру барысында да жаңашылдықтарға баруға тырыстық. Әр стенд оқушыға тәрбие беруі керек. Мәселен еліміздің, әлемнің белгілі жазушы­ларының кітап­тарынан арнайы стендтер жасадық. Астында QR-код орналастырылған. Оқушы сол код арқылы кітапты оқи алады. Тіпті оқымаса да күнделікті стендтің жанынан сан сәрте өткендіктен «Ботагөз» романын Сәбит Мұқанов, «Абай жолын» Мұхтар Әуезов жазғанын біліп жүреді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс бойынша үш мұғалім Кембридж университетінде тәжірибеден өтіп, 45 күн Ангилияда болып келдік. Әлемнің ең үздік университетінде жүріп үлкен тәжірибе жинақтадым. Бүгінгі таңда сол тәжірибемді мектептің игілігіне жұмсап жатырмын, – дейді Жанна Мәдімарова.

Тамыз айында жазған «Кәсіпкер бір сәт руханиятты ойласа» атты мақаламызда «...қазақ руханиятқа, өнерге ақша салуда неге дәл солай жарыспайды. Халқын сөз жүзінде ғана емес, бар болмысымен жақсы көрген, елінің болашағына ет жүрегі езіліп алаңдайтын жан қалтаның ғана қамын ойламай, келер ұрпаққа азық болар қайырлы іс жасаса керек-ті», деген едік. Міне бүгін елге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Арман Еділбаевтың өзгелерге өнеге боларлық ізгілікті ісін көзбен көріп, көңіліміз өсіп қайтты. Тойхана салып жарысқан қазақ бір-бірінен үлгі алып, өнер-білімге салған ақша «өлмейтінін» ұғынып, мектеп ашып, балабақша салып, бәсекеге түсіп жатса, қанекей?!

  Талғат НҰРХАНОВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар