Қашықтан оқу білім сапасына қаншалықты әсер етті?
Қашықтан оқу білім сапасына қаншалықты әсер етті?
Кеше аймақтың білім беру ісінің өкілдері бас қосты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, төрағалық еткен алқалы жиында өңірдегі білім беру саласының жұмысы талқыланып, алдағы жылға жүйелі жоспар жасау үшін тыңғылықты тапсырмалар берілді.
Әрине, әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан білім беру ісінде біраз мәселе туындады. Кішкентай бүлдіршіндерден бастап, мектеп оқушылары, колледж білімгерлері мен жоғары оқу орындарының студенттері тәрбиеші-ұстаздардың дәрісіне қатысудан қағылды. Онлайн оқыту жүйесі қиын жағдайда тиімді болғанымен ұстазбен бетпе-бет кездесетін дәрістей құнарлы болмасы анық. Соның салдарынан білім сапасы әжептәуір төмендеген. Әзірге ешбір маман коронавирус індетінің қашан тоқтайтынын нақты айта алмай отыр. Әйткенмен, ел ертеңі үшін білім сапасын нашарлатуға жол берілмеуі керек. Осыған баса назар аударған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: – Кейбір аудандарда мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары, құрылыстары уақытында аяқталмағандықтан, кезекші сыныптағы балалар мәдениет үйі секілді өзге мекемелерде оқып жүр. Бұған дейінгі жиналыстарда да айтып жүрміз, тапсырмалар да берілді. Енді сол жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, үшінші тоқсанда оқушылар жаңа немесе күрделі жөндеуден өткен мектептерде оқысын, – деді. Қазіргі қиын шақта санитарлық талаптарды қатаң сақтап, аздаған оқушы санымен дәстүрлі оқуды жүргізіп отырған облыстық білім басқармасының жұмыстарын хабарлаған басқарма басшысы Гүлнар Ходжабергенова бүгінгі уақытта облыста 221 мектептің 144656 оқушысы қашықтан оқып отырғанын мәлім етті. – Дәстүрлі форматта оқытуға 234 мектепке рұқсат берілген. Білім ошақтарынан алынған ақпаратқа сүйенсек, қорытындыланған екі тоқсанда оқушылардың сабақ үлгерімі 5,7 пайызға кеміген. Ал Қордай ауданында 0,6 пайызға жақсарған, – деді. Сондай-ақ аймақ басшысы интернет жылдамдығы нашар, техникалық құралдар жеткіліксіз ауылдары бар өңірде білім сапасының небары 5,7 пайызға ғана төмендеп, ал Қордайда өскеніне күмәнмен қарады. Үздік мектептер қатарынан көрінген Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназия мен Тараздағы №8 гимназия директорларынан осындай уақытта балалардың білімін кемітпеуде нендей әдіс қолданып отырғаны сұралды. Аталған гимназияларда оқушыларды аздаған санмен бірнеше топқа бөліп, сақтық шараларын сақтай отырып, мектепке әр түрлі уақытқа шақырып, оқытып жатыр екен. Нақтысы мектеп пен оқушының арасындағы байланыс үзілмеген. Жиын қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қайткенде де білім сапасының деңгейін төмендетпеудің жолын тауып, оқыту үрдісін тиімді форматқа көшірудің жолын табуды тапсырды.
Қамар Қарасаева