Балалардың кедергісіз білім алуына барлық жағдай жасалады
- авторjambylinfo.kz
- 21 тамыз, 2020
- 272
Дүниежүзіндегі дүйім жұрттың дегбірін қашырған пандемия күнделікті тұрмысымызды өзгертіп, еңбек үрдісіне де өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Тіршілікпен тоқтаусыз жүргізілетін қызметтің бірі – өспірім ұрпаққа білім, тәрбие беру ісі де өзгеше тұрпатқа енді. Санаулы күндерден соң басталғалы тұрған жаңа оқу жылына әзірлікті жаздың алғашқы айынан-ақ бастаған білім беру саласының қызметкерлері қашықтықтан оқитын оқушыларды қажетті техникалық құралдармен қамтуға барын салуда. Өз өңіріміздің оқушылары ғаламтор желісіне қосылып, ноутбук, компьютерлермен толық қамтыла ала ма? Ғаламторға әлі қосылмаған аумақтардың балалары қалай білім алмақ? Көкейдегі осы сауалдар дәл қазіргі уақытта кім-кімді де толғандырып оытрғаны рас.
Еліміздің Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов алғашқы тоқсан қашықтықтан оқытылатынын хабарлаған болатын. Алайда, ғаламтор желісіне қосылмаған шалғайдағы елді мекеннің балалары дәстүрлі түрде мектептен білім алатыны да айтылған. Біздің облыста да жаңа оқу жылында оқу процесі екі түрлі форматта өтпекші.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында 234715 оқушыны қамтитын 442 мектеп жұмысын бастауға дайын. Биылғы жылы 11 сыныпты 9,2 мың түлек бітірген. Ал, 1-сыныпқа 26,4 мың оқушы келеді деп күтілуде.
Облыстағы 275 мектепте 215438 оқушы қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы оқытылса, шалғай елді мекендерде орналасқан шағын жинақталған мектептер мен оқушы саны 100-ден төмен 167 мектепте 19277 оқушы дәстүрлі түрде оқиды деп жоспарлануда. Қашықтықтан оқитын мектептер «Дарын Онлайн» білім беру платформасын пайдаланатын болады. Жұмыс істейтін, үйінде балаларын онлайн режимінде оқыта алмайтын ата-аналар үшін «кезекші 1-4 сыныптар» ашу мүмкіндіктері қарастырылуда. «Кезекші сыныптар» ата-аналардың өтініштері негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылмақ. Оқушылар 2-3 ауысымда оқиды, үзіліс уақыттары қатаң тәртіппен реттеледі. Болжаммен 275 мектептегі 1609 кезекші сыныпта 20959 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр.
Қашықтықтан оқитын оқушылардың техникалық жабдықталуына тоқталсақ, қазіргі таңда облыстағы 234715 оқушының 57,4% жеке компьютер, ноутбуктармен қамтылғаны анықталған. Жыл басынан облыс мектептеріне жергілікті бюджет есебінен 2,6 мың компьютерлік техника сатып алынған. Жыл соңына дейін тағы да 4,5 мың компьютер сатып алу жоспарланып отыр.
Компьютерлік техника ең бірінші кезекте облыстағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін 39 994 балаға таратылып жатыр.
– Қазіргі уақытты әлеуетті өнім берушілерді таңдау, компьютерлерді сатып алу және оны аудандарға бөлу процесін қадағалайтын жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына арнайы мониторингтік топ мүшелері, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының өкілдері, кәсіподақ және ата-аналар комитетінің өкілдері кірді. Техниканы сатып алу процестері жүргізіліп жатыр. Қосымша республикалық бюджет есебінен қашықтықтан оқытуға дайындық жұмыстарының іс-шаралары шеңберінде оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге 26,4 мың дана компьютерге республикалық бюджеттен 4,1 млрд. теңгеге бөлінді, -дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова.
Облыста 130 елді мекенде интернет желісі мүлдем жоқ. Осы елді мекендердегі 123 мектепте 18,9 мың оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында 123 мектептің 93-і дәстүрлі түрде оқыса, қалған 30 мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытпақшы. Интернеті жоқ елді мекендерде тұтарын мұғалімдер мен оқушыларды интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында білім басқармасы тарапынан техникалық мүмкіндіктерді тексеру жұмыстарын жүргізу және интернет желісін тарту үшін «Қазақтелеком», «Транстелеком», мобильдік телефон операторларына хат жолданыпты. Интернеті жоқ елді мекендерде тұратын мұғалімдер мен оқушылардың тізімі берілген. Бұдан бөлек, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасының балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 23 мың роутер сатып алу көзделіп отыр.
Басқарма басшысы Гүлнар Махақызының айтуынша, облыста 411 балабақша, 141 шағын орталық мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеп, білім беруде жұмыс істейді. Осы 552 мектепке дейінгі білім мекемелерінде 56,4 мың бала тәрбие алады.
Жаңа оқу жылын облыстағы 23 мемлекеттік, 23 мемлекеттік емес техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері 20 мыңнан аса студентпен өз жұмысын бастауға әзір отыр. Бұл білім ошақтары да студенттерін zhambyltipo.kz және Ватсап, Телеграм, Зум қосымшалары арқылы қашықтықтан оқытады. Ал, шалғай ауылда (шағын қалада) орналасқан контингенті 200-ден аспайтын 7 колледж штаттық режимде оқытатын болады.
Қамар Қарасаева
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Білім нысандарында құрылыс қарқынды
Ұқсас жаңалықтар
Журналист, қаламгер Құралай Сейсенбекқызы студенттермен кездесті
- авторjambylinfo.kz
- 5 қараша, 2024