Әлеумет

Білім саласындағы құрылыс қарқынды

Білім саласындағы құрылыс қарқынды

Биыл өңірдегі бірқатар білім ошақтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, аймақтағы 3 мектептің құрылысына 2020 жылға 2 миллиард 6 миллион теңге қаржы бөлініп,  жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ келер жылы қалған 2 мектептің мәселесі шешілмек.

Облыс әкімдігі білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірде 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, тағы 40 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары толық  аяқталыпты. Ал аудандық және Тараз қаласының білім бөлімдерінің қазан айындағы мәліметіне сәйкес, қалған 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталуы күтілуде.

Жалпы, ағымдағы жылы облыста 22 білім беру мекемесінің құрылысына 10,1 миллиард теңге бөлінген. Олардың қатарында 15 мектеп, алты қосымша құрылыс және бір оқушылар сарайы бар. Бүгінде бір мектептің құрылысы аяқталды. Бұл ретте ағымдағы жылдың соңына дейін 14 нысанды, оның ішінде сегіз жаңа жалпы білім беретін мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша, үш апатты, бір үш ауысымды, орын тапшылығы бар үш мектеп және екі ескі мектеп мәселелері шешілмек. Қалған екі апатты, сегіз үш ауысымды және орын тапшылығы бар бес мектептің мәселелері 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен шешілетін болады.  Атап айтсақ, Тараз қаласында 1278 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы басталған. Жұмыстың жалпы құны - 2,8 миллиард теңгені құрайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл - ел бесігі» бағдарламалары мен жергілікті бюджет аясында 42 мектепте күрделі жөндеу, 53 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 8 миллиард астам теңге қарастырылған. Сонымен қатар Таразда бюджеттен тыс қаражат есебінен жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатқанын да айта кеткен жөн.

Бұдан өзге өңірде үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу де жолға қойылған. Жалпы өңірде мұндай санаттағы 8 мектеп бар екен. Жаңа оқу жылында Қордай ауданындағы үш ауысымда жұмыс істеген  №2  орта мектебінің мәселесі аудан орталығында ашылған 3 жекеменшік мектептің есебінен шешіліпті. Ал келер жылы  7 мектептің мәселесі шешілсе, 2022 жылы 1 мектептің мәселесі шешілмек.