Індетті жою – ортақ міндет
Індетті жою – ортақ міндет
Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтап қалу үшін төтенше жағдай жарияланғанда, ең алдымен балабақшалар жабылған болатын. Әйтсе де, балабақшаға бармаған балалардың орны сақталды. Олар нормаға сай тіркеуде тұрғандықтан, баланы үйде қарау және балабақшаға барудан бас тарту ұсынылған еді. Кейін бірте-бірте карантин талаптары жеңілдетілген соң, мектепке дейінгі ұйымдарда бір топтағы баланың саны 15-тен асырмай, кезекші топтарды ашуға рұқсат берілді. Ауданда осындай режімде жұмыс істеп жатқан мекемелердің жай-күйін білу үшін «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасына барған едік.
Балабақшадағы кезекші топтарда барлық карантин талабы және санитарлық ережелер сақталған. Профилактикалық іс-шаралар күнделікті жоспарға сай жүргізіледі екен. Балабақша жұмысы күнделікті таңертен ұжым қызметкерлерімен тәрбиеленушілердің дене қызуын өлшеуден басталады. Оқу тәрбие жұмысы барысында және күн тәртібіне сай барлық топтарда балғындардың әлеуметтік арақашықтықты сақтауы қатаң бақылауда. Бүлдіршіндер сыртқа шыққанда топтарда залалсыздандыру, кварцтау, әрбір сағат сайын 15 минуттан кем емес желдету жұмыстары жүргізіледі. Ал су гигиена талаптарына сай бір реттік стакандармен беріледі екен.
– Әлемдік пандемияға байланысты барлық білім беру мекемелері және балабақшалар жұмысын қашықтықтан жүргізуде. Біз кароновирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде бүлдіршіндермен тәрбие-білім беру үдерісін ата-аналардың өтініштеріне қарай 15 баладан аспайтын кезекші топтар арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Жалпы балабақшада 280 бала 12 топта тәрбиеленуде. Қазіргі таңда кезекші топтарда 142 бала қамтылған.
Осындай күрделі кезеңде де біздің педагогтар біліктіліктерін жетілдіру ісін тоқтатқан жоқ. Л. Смаилова. Г. Нүсүпова, А. Сағанаева «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі-жаңаша білім берудің сапасын қамтамасыз етудің шарттары» атты, ал А. Арықбаева, Б. Ақбасова, А. Әділова «Мектепке дейінгі ұйымның үздік маманы-2020» атты онлайн режімде өткен облыстық байқауларға қатысып, кәсіби білімдерін шыңдауда. Осындай үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздар тәрбиелеген балалардың да талабы таудай болады емес пе?! Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Әлем таныған Абай» жобасы аясында «Күз» өлеңін мәнерлеп оқудан қашықтық форматта өткен байқауда А. Қайрат, А. Сейткран , Б. Тоқтархан, Ж. Жарылқасын және «Ең ақылды» зияткерлік викториносында Д. Қойшыманова жүлделі орындарды иеленді. Осындай бала бойындағы қабілеттері мен ішкі мүмкіндіктерін ашу әр педагогтың міндеті. Сондықтанда қандай жағдай болмасын әр сала қызметкерлері өзінің кәсіби шеберліктерін, жан-жақтылығын көрсетіп мына күрделі кезеңде жауапкершілік танытуда, - дейді балабақша әдіскері З.Қартайғанова.
Балабақша баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық орны. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.