Әлеумет

Ұлағатты ұстаздар ордасы

Ұлағатты ұстаздар ордасы

Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, келешегін кемелді етуде білімді жастардың қосар үлесі орасан. Ал отбасыдан басталатын тәлім-тәрбиені балабақша мен мектепте жалғастырып, ұлтымыздың ұлағатты ұл-қыздарын оқыту мен қалыптастырудағы білім мекемелеріне жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Қазіргі таңда жоғары талап деңгейінде қызмет көрсетіп, зейінді шәкірттің болашағына байыпты бағдар бере алатын білім ошақтарының бірі – Тараз қаласындағы қазақтың бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов атындағы №48 мектеп ұжымы бүгінде ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп, заман талабына сай білім беруде өзіндік дара жолын қалыптастырған. Ұлт үшін ұлық мерекелердің бірі – Ұстаздар күні қарсаңында аталған білім ордасына барып, ондағы жұмыс барысына қаныққан едік.

[caption id="attachment_5494" align="alignleft" width="189"] width= А. Абдешова[/caption]

Қазіргі таңда 1540 оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған оқу ордасының ғимараты 1990 жылдың 23 наурызында пайдалануға беріліпті. Отыз жыл бойы білім теңізінде бағдарынан ауытқымаған мектепте қазіргі таңда 133 ұстаз еңбек етеді. Айта кетерлігі мектептің алғашқы директоры Ұлбала Баяришова білім ордасын 2005 жылға дейін басқарса, сол жылдан бүгінгі күнге дейін білікті ұстаз Айжан Абдешова басқарып келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан алғашқы басшылары әлі күнге дейін мектеппен байланысын үзбей, білген-түйгенін жас мамандарға үйретіп отыратын көрінеді. Сол кісінің қолында мұғалім, кейін орынбасары болған Айжан Ақтілеуқызы соңғы 15 жыл ішінде мектепті басқаруда. Ұлбала Баяришқызы бастап берген мектеп ұжымының ұйымшылдығы бір сәт болсын ыдырап көрмеген. Соның айқын дәлелі ретінде білім ордасы тарихында екі ғана директор болғанын айтса жеткілікті. «Тәртіп болмаса, білім болмайды» деген сөзді негізге алған мектеп басшысы ұжымда ауызбіршілік салтанат құрғанда ғана жетістікке жетуге болатынын айтады. Сондықтан қазіргі таңда мектеп директорының алға қойған мақсаты – ұжымды айрандай ұйытып, білім жолында аянбай еңбек ету. Тілге тиек ете кетерлік жайт, аталмыш білім ордасында 2005 жылдан бері 25 бала «Алтын белгі» иегері атанса, 10 оқушы мектепті үздік аттестатпен тәмамдаған. Сол секілді Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орта балл бойынша өсім де жаман емес. Мәселен мектеп оқушылары 2017 жылы 84,4 балл, 2018 жылы 89,8 балл, ал 2019 жылы 101,6 балдық межені көрсеткен. Мектеп ұжымы оқушылардың бұдан өзге де жетістіктерімен мақтана алады.

Шындығында ұрпақ тәрбиелеу жолында барын салып жүрген Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп мұғалімдері де шәкірттерінен қалыспай, түрлі байқаулардан үздік шығып жүр. Атап айтқанда мұғалімдердің КИО байқауында 18 ұстаз жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ қалалық «Үздік қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» байқауында Жанат Жантөреева, химия пәнінің мұғалімдері арасындағы осындай бәсекеде Гүлмира Түймеева ІІ орынға қол жеткізген. Ал қашықтан оқыту барысында daryn.online білім беру платформасы ұйымдастырған І республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасында 50 мұғалім жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды қанжығалаған. Сондай-ақ биылғы оқу жылында білім ордасының 45 ұстазы біліктілік тестілеуінен өтсе, өткен оқу жылында осыншама мұғалім аталған тестілеуді сәтті тапсырған. Нәтижесінде бүгінгі күні мектепте 30 ұстаз зерттеуші, 33-і сарапшы, ал 21 ұстаз падагог-модератор санатына қол жеткізіпті. Дегенмен, осындай үлкен жетістігі бар мектепте әлі күнге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені бізді әбден ойлантты. Соған қарамастан физика, биология, химия пәндерінен лабораториялық кабинеттер іске қосылған. Оның ішінде ауыз толтырып айта кететіні, биылғы оқу жылында робототехникалық кабинет ашылыпты. Оның ашылуына білім ордасының 1992 жылы туған түлектері қаржылық демеушілік танытқан. Ал робототехникаға қажетті құрал-жабдықтармен Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі қамтамасыз еткен.

Бүгінде пандемияның беті қайта қойған жоқ. Соған байланысты елімізде жарияланған карантиндік шаралар соңғы айларда жеңілдетіліп, білім ошақтарында кезекші сыныптар ашуға рұқсат берген-тін. Осыған орай аталмыш мектепте 25 кезекші сынып жұмысын жүргізуде. Оның ішінде биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сыныптың 173 оқушысы үш ауысым бойынша толығымен келіп жүр. Өз кезегінде қашықтан оқуға байланысты мектеп басшылығы аз қамтылған отбасылардың балаларын барынша компьютер, ноутбуктармен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар қалалық білім бөлімі қосымша 25 планшет пен 10 моноблок бөліпті. Сондай-ақ білім ошағында мектепке дейінгі білім беретін шағын орталық жұмыс істейді. 2008 жылы ашылған орталықты бүгінгі күні ҚР білім беру саласының үздігі Айман Дүйсенқызы басқарады. 4 топтық 100 балаға арналған шағын орталыққа қазіргі таңда карантиндік талаптарға сәйкес, 57 бала ғана келіп жүр. Аталған орталықта 8 тәрбиеші, 4 бала күтуші, психолог, әдіскер, ағылшын тілінің мұғалімі, дене шынықтыру мен музыка пәнінің мұғалімдері қызмет атқарады. Ел тірегі – жастар екені әу бастан белгілі. Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Ал енді ұстаздық жолды таңдаған жас маман болса, оларға артылар жүктің екі есе ауыр екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан аталмыш мектеп ұжымы әрдайым жас мамандарды қолдап, оларды тәжірибелерімен дағдыландырып отырады. Қазіргі таңда білім ошағында болашағынан зор үміт күттіретін 18 жас маман қызмет атқарса, оның 3-еуі биылғы оқу жылында жұмысқа қабылданыпты. Әлбетте жоғары оқу орнында теориялық білім алып келген мамандарды мектеп ұжымы одан әрі қалыптастыру мақсатында әрқайсысына бір-бір тәлімгерден бекітіп қойған. Соның нәтижесінде мектепке ұстаз ретінде имене кірген маманды шәкірт алдында еркін ұстап, сапалы білім беруіне жағдай жасауда. Мектептегі жас маманның бірі Ұлдана Дүйсен көпті көрген әріптестерінің бөліскен тәжірибесінің арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізе бастапты. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін daryn.online білім беру платформасы ұйымдастырған І республикалық байқауында «Кемеңгер ұстаз» атанып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталыпты.

Расында бүгінгідей білекке емес білімге сенген уақытта педагог мамандарға артылар жауапкершілік жоғары. Бұл тұрғыда Тұрар Рысқұлов атындағы №48 мектептің бүгінгі ұрпақ тәрбиесі бағытында атқарып жатқан ілкімді істеріне көңіліміз толды. Қуантарлығы, мектеп басшылығы тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, жас мамандарға да бағыт-бағдар беріп келеді. Сондықтан кемел келешек жолында жас ұстаздарға артылар жауапкершілік жүгі де, үміт күтер сенім де мол.

  Шынболат Сейдуалиев