Ұлағатты ұстаздар – құрмет құшағында
Ұлағатты ұстаздар – құрмет құшағында
Бүгін «Достық» үйінде «Ұстаз – ұлы есім» атты ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдық білім беру саласының өкілдерін мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. Мерекелік шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан аймақ басшысы өз сөзінде елімізде білім беру ісіне ерекше назар бөлініп отырғанын атап өтіп, педагогтардың қоғамдағы рөліне тоқталды.
Бұдан бөлек, Бердібек Машбекұлы биыл білім саласына облысымызға 78 миллиард қаржы бөлінгенін айтып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 миллиардқа артық екнін тілге тиек етті.
Сонан соң елімізге белгілі ұстаз, Қазақстанның білім саласындағы алғашқы Еңбек ері Аягүл Миразова ұстаздарды бейнебайланыс арқылы құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Мерекелік жиында қызмет бабында үздік деп танылған мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарының 5 педагогына 200 мың теңгенің сертификаттары табысталса, облыстық «Үздік педагог-2020» атағын беру конкурсының 7 жеңімпазы облыс әкімінің Алғыс хатымен және 4 ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және 3 ұстаз Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздары Тараз қаласы №8 Төле би атындағы гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Жанар Алдатаева, Шу ауданы «Жібек жолы» мектеп-лицейі физика пәнінің мұғалімі Баян Джанкиева, Т.Рысқұлов ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Салтанат Кенжебаева, Сарысу ауданы М.Әуезов атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Патима Алимбекова, Құлан агротехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Рашид Сарсенбиев, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жұмагүл Уртаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі география-биология пәнінің оқытушысы Нуризат Асановаға 833 мың теңге мөлшерінде сыйақының сертификаттары табысталды.
Айжан Өзбекова