бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 2:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ортасынан озып шықты

Ортасынан озып шықты
ашық дереккөзі
Ортасынан озып шықты

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері 2020 – 2021 оқу жылына арналған Н.Назарбаев қорының республикалық конкурсында жеңімпаз атанды.

Алтынай Арынбекова  «Физика» мамандығының 4-курс студенті болса, Әйгерім Дәулетбай  «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандығының  4-курс студенті. Аталмыш конкурсқа қатысу  үшін университет бойынша 20 студент өтініш білдірген. Республика бойынша 45 студент жоғарыда атап өткен стипендияның иегері атанды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоры республикалық конкурсында қатысушының ғылыми жұмыстары, түрлі конференцияларға қатысуы, марапатталуы мен белсенділігі бағаланады. Сонымен қатар, үміткердің негізгі ерекшелігі, артықшылығы болуы керек. Яғни, жеңіске лайық атану үшін қатысушының басқалардан ерекшеленетін негізгі артықшылығы болуы шарт. Ең бастысы үміткердің GPA балы жоғары болу керек. Міне, Алтынай мен Әйгерім осы талапқа сай келіп, жеңімпаз атанды.

Енді жеңімпаз қыздарымыздың жетістігіне тоқталар болсақ, Әйгерім Дәулетбай Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында екі рет Польшаға барып білімін жетілдіріп келген. Ауыр өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп саласындағы тақырыптарда бірнеше жобасын қорғап, жұмысы жоғары бағаланды. Польшада AERO факультетінде оқып, механикалық инженерия саласында білімін жетілдірді. «Ұшақ бөлшектерін зерттеу» тақырыбы төңірегінде ғылыми жобаларды қолға алды, конференцияларға қатысты.

– Ауыр өнеркәсіп дегенде көбі бұл салада тек ер адамдар жұмыс істейді деп ойлайды. Өкінішке орай, әсіресе біздің елде түсінік солай қалыптасқан. Польшада оқып жүргенімде бұл салада ізденіп, зерттеп, жұмыс істеп жүрген нәзікжандыларды көргенде менің де ойым түбегейлі өзгерді. Материалтану және материалдар технологиясы мамандығының қаншалықты маңызды әрі сұранысқа ие мамандық екеніне көзім жетті,- дейді алғыр қыз Әйгерім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң магистратурада оқуын жалғастыруды көздейтін Әйгерім келешекте ауырөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп саласында еліміздің дамуына өз үлесін қосуды мақсат етеді.

Келесі студентіміз Алтынай Арынбекова физика саласының қыр-сырын зерттеуде. Күрделі саланың күрмеуін шешуді көздеген Алтынай біршама байқаулардың жеңімпазы атанды. 3-курсында «Студент-зерттеуші» атағын жеңіп алды. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті ұйымдастырған білім бәйгесінен бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. «Мамандығым-мақтанышым» тақырыбында ашық-сабақ өткізіп, қозғаған тақырыбына қызығушылық танытқан тараптардан шақырту да келіп түскен. – Мен болашақта мұғалім болғым келеді. Менің ата-анам да мұғалім. Ауылдық мектептерде  оқушылар көбіне жеңіл категориядағы есептерді ғана шығарады. Ал мүмкіндігі жоғары оқушылар өз білімін жетілдіре алмайды. Бүгінгі күні мен өз жетекшіммен «Кинематикалық бөлімдерде күрделі есептерді шығару» бойынша жоба әзірлеудеміз. Сөйтіп, нәтижесінде мектептерде күрделі топқа жататын есептерді де енгізуге ұсыныс жасамақпыз. Бұл болашақ физик, математиктер үшін аса қажет. Оқушы білімін шыңдайды, күрделі есептерді шығарып үйренеді. Болашақта магистратураны шетелде оқып, озық әдістерін үйреніп, меңгермекпін,- дейді арманы асқақ, мақсаты айқын Алтынай.

Әйгерім мен Алтынай өз жеңістерімен ұстаздарының үмітін ақтап, университетіміздің мерейін асқақтатқан жастардың қатарын толықтырды. Нәзік жанды аруларымыз болашақта білікті ғалымдардың қатарынан табылып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман, жаңашыл әрі жанашыр азамат болатындарына сенеміз.

  Кәмшат ҚАДЫР
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар