Әлеумет

Тараздағы NIS оқушысына «Елбасы медалі» табысталды

Тараздағы NIS оқушысына «Елбасы медалі» табысталды

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сания Қайнарқызы еліміздің ең ірі челленджінен «Елбасы медалін» алды. Салтанатты марапаттау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» форумы кезінде өтті. – Осы челленджге қатыса отырып, мен өзімді жетілдіріп қана қоймай, мүддесі мен мақсаты ортақ бар жаңа достар таптым. Ең алдымен, жоба өзіммен күресуге және өзімді жеңе білуге үйретті. Мен күн сайын физикалық жағдайымды жақсартып, дағдыларымды дамыттым, айналамдағыларға барынша көмек бердім. Бастысы өзімше әрекет етуді үйрендім. Маған аталған жоба қызықты әрі ұмытылмас тәжірибе сыйлады, – деп өз әсерімен бөлісті Сания. «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол жеті негізгі бағыттан тұрады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Қатысушылар 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар болды. Айта кету керек, «Елбасы медалімен» қатар Сәния «Премия нового формата», «Звезды мира» және «Ак бастау» сияқты халықаралық байқаулардың бірнеше рет жеңімпазы атанып үлгерген. Ал алдағы жазда Сания Өнер олимпиадасына қатысу үшін АҚШ астанасы Вашингтонға аттанбақ. Ол Қазақстан атынан бақ сынайтын жалғыз делегат атанған болатын.