Тараздық зияткерлер IELTS-тан жоғары нәтижелер көрсетті
Тараздық зияткерлер IELTS-тан жоғары нәтижелер көрсетті
Тілдік тестілеуге 119 оқушы қатысып, олардың ішінде 8 түлек – 8,0 бал, 33 түлек – 7,5 бал, 34 өрен – 7,0 бал, 24 бітіруші – 6,5, 17-сі – 6,0 және 3 оқушы 5,5 ұпай жинаған. Орташа бал көрсеткіші өткен жылғымен салыстырғанда 6,5-тен 6,9-ға көтерілген. – Оқушылардың академиялық тілдік дағдыларын дамыту мектептің даму жоспарындағы басым бағыттардың бірі. Өткен жылдардағы тәжірибені саралай келе 2019 жылдан бастап, IELTS халықаралық емтиханына дайындау жүйесіне өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда, жергілікті және шет елдік мұғалімдер көмегімен оқушылардың сөйлеу дағдысын арттыруға бағытталған «Speaking club» құрылды. Сынама емтихандарының нәтижесі талданып, 4 дағдымен бағдарлы жұмыс жасалды, — дейді мектеп директорының орынбасары Алия Жусанбаева. Мөлдір Баймахан 8,0 бал жинаған сегіз оқушының бірі. Ол жақсы ұпай алуын дайындық барысында өзін тек ағылшын тілді контентті пайдалануымен байланыстырады. – Сабаққа қатысты ресурстарды да, кітаптар мен фильмдерді де тек ағылшын тілінде көруге ұмтылдым. Бұл маған тілді үйренумен қатар, оның қолданыстағы ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әр дағды үшін стратегиялық тәсіл табуға тырыстым, бірнешеуін сынап көріп, өзіме сай келгенін қолдандым. Мұғаліммен бірлесіп үнемі практика жасап отырдық, – дейді ол. zhambylnews