Жамбыл облысында ұялы байланыс операторларына 75 млн теңге айыппұл салынған
Жамбылда облысы қашан сапалы интернетпен қамтылады?
Биыл облыста 3 байланыс операторы 113 жаңа базалық станция орнатады. Бұл туралы облыстық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақайби Әбдіразақ айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Ақайби Әбдіразақтың айтуынша, бүгінгі күні облыста 367 елді мекен болса, оның ішінде 245 ауылдық елді мекен 4G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Ал, 199 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген.
Басқарма өкілі берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы облыста байланыс операторлары есебінен 94 елді мекенде базалық станция орнатылған. Бірақ, талшықты-оптикалық желілерді төсеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Ал, биыл облыста 3 байланыс операторы 113 жаңа базалық станция орнатады. Сонымен қатар, 30 елді мекен талшықты оптикалық желімен қамтылады.
Жамбылда тұрғындар тарапынан сапасыз интернет пен «тасбақа» сияқты баяу байланысқа шағым көп. Тіпті облыс орталығында да бұл проблема өзекті. Өңіраралық байланыс инспекициясының басшысының сөзіне сенсек, сапасыз жұмысы үшін өткен жылы бірқатар байланыс операторларына айыппұл салынған.